Аптадағы маңызды жаңалықтар

Шал ақын ауданы әкімінің есептік кездесуі өтті

Шал ақын ауданында барлық деңгейдегі әкімдер халық алдында есеп берді. Осы уақыт аралығында 30-дан астам кездесу өтіп, 90-ға жуық сұрақ қаралыпты. Соңғы болып мұндай жиынды аудан басшысы Нұрлан Есімов өткізді. 2018 жылды қорытындылап, алдағы уақытқа жоспарымен бөліскен аудан жетекшісіне базыналарын арқалап келген тұрғындар болмады. Дегенмен, елдімекендіктер өз проблемаларымен біздің түсірілім тобымен бөлісті.

Өткен жылы Шал ақын ауданының жалпы ішкі өнімі 40,5 млрд теңгені құраған. Оның жартысынан көбі ауыл шаруашылығына тиесілі. Диқандар 180 мың га алқапқа – дәнді, 41 мың га-ға майлы дақылдар еккен. Соңғысының аумағын биыл 60 мыңға дейін арттыру жоспарда бар. Бұл – облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың тапсырмасы. Қойылған межені орындау үшін аграрийлерге заманауи техника қажет.

Нұрлан Есімов – Шал ақын ауданының әкімі:

–  Өткен жылы 1,8 млрд теңгеге су жаңа 53 бірлік техника алынған болатын. Биыл бұл қатарға тағы 50 трактор, комбайндар қосылмақ. Аталған мақсатқа 1,9 млрд теңге көлемінде қаражат қарастырылуда.

Алайда, өнеркәсіп пен бизнес мұнда біршама ақсап тұр. Әсіресе, қызмет көрсету саласында өз ісін ашамын дегендер саусақпен санарлық. Былтыр небәрі 9 адам жеке ісін дөңгелеткен. Аудандағы құрылыс қарқыны да көңіл көншітпейді. 2017 жылмен салыстырғанда атқарылған шаруаның көлемі бақандай 10 есеге аз.

Нұрлан Есімов – Шал ақын ауданының әкімі:

–  2018 жылы 18 пәтерлі екі көпқабатты үйдің құрылысына облыс қазынасынан 225 млн теңге бөлінген болатын. Жұмысты толығымен аяқтауға тағы 211 млн қажет. Оған қоса, Сергеевка қаласында 27 пәтерлі тұрғын үй мен дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің жобалық-сметалық құжаттары дайын. Аталған мақсатқа 1 млрд теңгеге жуық қаржы керек.

Кезек азаматтардың сауалына келгенде залда мүлгіген тыныштық орнады. Әкімге бар болғаны бір ғана сұрақ қойылды. Оны елді мекен тұрғыны хат түрінде жолдапты. Алайда, жиында өзі болмағандықтан, Нұрлан Есімов өтінішке жазбаша жауап беретіндігін жеткізді. Қалған қауым әкімнің жұмысына да, аудандағы жағдайға да ырза көрінеді. Сөйтсек, проблемалары бар тұрғындар есептік кездесуге қолдарын бір сілтеген екен. Себебі, қала ішінде ішетін су іздеп әлек. Колонкалар қатып қалған, оны іске қосуға міндеттелгендер де бұл жаққа келуді қойыпты. Михаил Жигулинге қариялардың көбі қызығатын болар. 83 жастағы азамат колонканың дәл маңында тұрады. Алайда, қыс басталысымен өзгелердің кебісін киіп, тіршілік көзін табу үшін қаланы шарлайды.

Михаил Жигулин – Сергеевка қаласының тұрғыны:

– Жазда колонка жақсы жұмыс істейді. Ал қыс басталса болды, көретініміз осы. Бірнеше квартал жаяу жүріп су іздейміз.

15 минут ішінде ғана біз шелек, флягаларымен көше кезіп жүргендердің бірнешеуін кезіктірдік.

Жұмыс істейтін колонкаларды тапқанның өзінде, 40 литрлік фляганы толтыру үшін осы суықта кемінде жарты сағат күту қажет екен.

Қайсарбек Молдахметов – Сергеевка қаласының тұрғыны:

– Қыс бойы колонка қатып жатыр. Өткенде каток құямыз деп қатырған болатын, содан бері істемейді. 00-05/19 Көршім – кәрі кісі. Тәлтіректеп басқа көшеге суға барады. Ол кісіге обал ғой.

Сергеев су қоймасы бір емес, үш бірдей өңірді тіршілік көзімен қамтып отырса да, ауданның өзіндегі мәселелер баршылық. Оны Нұрлан Есімов те мойындайды.

Нұрлан Есімов – Шал ақын ауданының әкімі:

–  Ауданда бар болғаны 4 елді мекен орталықтандырылған су жүйесіне қосылған. Қалған ауылдарда аталған мәселе өткір тұр. Осыған орай биыл Бірлік, Кеңес, Жаңажол, Жаңаталап селоларын Преснов топтық су құбырына қосу үшін жобалық-сметалық құжаттар дайындалатын болады. Ал жақын болашақта 10 елді мекенді орталықтандырылған жүйегеге жалғауды көздеп отырмыз.

Оған қоса, 2019 жылы Сергеевка қаласындағы кемінде 50 баспана орталықтандырылған су тарату желісіне қосылмақ.

Эльмира Сәдуақасова