Көлік және жолдар

Петропавлда автотұрақ тапшы

Облыс орталығында автотұрақ тапшы. Әрі көшелер тар. Бұл өзекті мәселелермен темір тұлпар иелері жиі кездесіп жатады.

–  Қап! Енді, мына көктайғақта 150 метр жердегі нысанға жаяу жететін болдым. Себебі, такси жүргізушісінің айтуынша мен бара жатқан ғимараттың жанына мүлде жақындай алмайсың. Маңайында көліктер қаптап тұр. Әрине, діттеген жерге жету мен сияқты жас жігітке қиын емес. Ал қарт адамдар үшін бұл ауыр тиетіні белгілі.

Әсіресе, мұндай қолайсыз жағдайға базарға келген ағайын жиі тап болады. Мәселен, мынау – облыс орталығындағы сауда орны. Оның тұрағы көлікке толып тұр. Сондықтан, жерлестеріміз темір тұлпарларын Бостандық көшесі бойына қаз-қатар қояды. Кейін, қажетті дүниелерін сатып алып, алыстағы машинасына асығады. Міне, сондай жанның бірі ауыр пакеттерін көтеріп, автокөлігіне кетіп бара жатыр. Осылай тауар алатындардың қатарында жеке кәсіпкер Сергей Крупенич те бар.

Сергей Крупенич – кәсіпкер:

–  Жамбыл ауданының орталығы – Пресновкада менің дүкенім бар. Соған тауар алу үшін осы жерге аптасына 2-3 мәрте келемін. Әр келуім бір машақатқа айналады. Әсіресе, күндізгі 11 мен бірдің аралығында базар аумағына мүлде кіре алмайсың. Көлігімізді алыстау жерге қоюға мәжбүрміз. Ал түстен кейін мұндағы қарбалас сәл саябырлайды. Бүгін соны пайдаланып қажеттінің бәрін алып жатырмын. Жеке автотұрақ болса жақсы болар еді.

Иа, кең автотұрақ базарға да, ірі сауда орындары мен көпқабатты үйлерге де қажет. Тіпті, әр мектепте машина қоятын орын болуы шарт. Әйтпесе, тұрғындар көліктерімен жолдың шетіне тоқтап ұл-қыздарын сабаққа әкеледі, сол жерден алып кетеді. Оған қоса білім ұясында қызмет ететін жандардың да темір тұлпарлары көшеде тұрады. Бұл мәселені қалалық қоғамдық кеңес мүшелері шаһар басшылығына жеткізіпті.

Александр Казанцев – қалалық қоғамдық кеңес мүшесі:

– Әлеуметтік маңызы бар нысандарда автотұрақтың жоқтығына қатысты ескертулерді, ұсыныстарды қалалық әкімдікке баяндадық. Қазіргі таңда бұл мәселемен шаһар басшысы жақсы таныс. Алдағы уақытта ол мәселені шешуге күш салмақ. 2019 жылы біраз шаруа атқару жоспарланып отыр.

Бұдан бөлек, қалалық қоғамдық кеңес мүшелері сауда орындарына иелік ететін кәсіпкерлерге қолдау көрсетіпті. Нақтырақ айтсақ, олардың жерге төлейтін салық мөлшерін сол күйінде қалдырған.

Александр Казанцев – қалалық қоғамдық кеңес мүшесі:

– Заңда 1 метр жер үшін 5,79 теңге салық төлеу көрсетілген. Оны 10 есеге дейін өсіруге болады. Осыны пайдаланып жергілікті билік соманы арттырғысы келді. Бірақ, біз бұған жол бермей, қазынаға түсетін ақшаның мөлшерін сол күйінде қалдырдық. Неге десеңіздер, сауда орындарының иелері паркинг салу, автотұрақтарын кеңейту қажет. Міне, кәсіпкерлер еселеп салық төлегенше осындай іске қаржы жұмсағандары дұрыс.

Болашақта Александр Казанцев Береке ықшам ауданындағы Малая және 5-Сенная көшелерінің кеңейгендігін қалайды. Негізі, қалалық қоғамдық кеңес бұл екеуінің енін 10-12 метрге дейін ұзарту жайлы жоспарды 2017 жылы әзірлеп, шаһар басшылығына таныстырыпты. Бірақ, жоба әлі күнге дейін қолдау таппапты.

Байболат Бектемірұлы