Ауыл шаруашылығы

Аграрлық секторды цифрландыру – заман талабы

Өткен жылы еліміздегі 9 бірдей шаруашылық заманауи технологияларды өз тәжірибесіне енгізген. Нәтижесі жаман емес. Отандық дихандар әлемдік инновацияларды пайдалану арқылы көрсеткіштерді еселеп арттырыпты. Қазіргі таңда Қазақстанда бұл жаңашылдықтарды мамандарға түсіндіру, цифрландыру саласы бойынша білім жетілдіру семинарлары жүріп жатыр.

Әлемде дәлме-дәл егіншілік технологиясы 90 жылдардан қолданылады. Бірақ, Қазақстанға жаһандық жаңашылдық жақында ғана жетті. Нақтырақ айтатын болсақ, өткен жылы Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің білікті мамандары еліміздің 4 аймағындағы шаруашылықтарға заманауи жүйені енгізді. Мұның арқасында өндіріс ошақтарында гектар берекелігі артқан.

Қайрат Айтуғанов – С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ проректоры, Астана қаласы:

– Біздің университет еліміз бойынша агроөнеркәсіптік кешенді цифрландыру және егіншілікке дәлме-дәл технологияларды енгізу жөніндегі ғылыми-әдістемелік орталығы болып табылады. Былтыр 9 шаруашылықта жұмыс жүргіздік. Соның нәтижесінде агроқұрылымдар өте жақсы өнім жинады. Мәселен, Қарағанды облысындағы кәсіпорын 1 гектардан 50 центер өнім алды. Осылайша сол аймақта рекорд тіркелді. Сонымен қатар, Солтүстік Қазақстандағы 2 компания да дәлме-дәл егіншілік технологиясы сынап, шығымдылықты арттырды.

Елордалықтар өңіріміздегі жұмысты жалғастыра бермек. Мысалы, биыл олар Солтүстік Қазақстан тәжірибе станциясында ауқымды шаруа атқаруды жоспарлап отыр. Онда дәлме-дәл егіншілік технологиясын енгізіп, 2020 жылға қарай шығымдылықты 30 центнерге жеткізу көзделген. Оған қоса, мамандар мұндай жаңашылдықтарды теріскейдегі басқа да шаруашылықтарға үйретпек ниетте. Сол үшін арнайы келіп, 130 адамның басын қосқан ақылы түрдегі семинар өткізуде. Жиын Манаш Қозыбаев атындағы СҚМУ-дың үш оқу залында ұйымдастырылды. Шарада астаналықтар жерлестерімізге фитосанитарлық қауіпсіздік, агрохимиялық және топырақ карталарын жасау, танапты зерттеу, істі цифрландыру бойынша ақпарат берді. Және алқаптарды қашықтықтан бақылаудың пайдасын түсіндірді.

Тілекқали Тұрғанбаев – С.Сейфуллин атындағы ҚазАТУ доценті, Астана қаласы:

– Космостан немесе квадрокоптерлерден алқаптарды бақылау арқылы үлкен көлемдегі алқаптарды қамтуға болады. Бұнын нәтижесінде біздер қауіпті ауруларды, зиянкестерді, арамшөптердің алдын алу жұмыстарын жасауға болады. Яғни, біздер диагностиканың көмегімен көп шығынданбаймыз.

Айта кетейік, мұндай жаңашылдықты өңірімізде пайдаланғандар бар.

Марат Сәбит – “Шатило и К” ЖШС агрономы, Жамбыл ауданы:

– Үйде отырып-ақ техника алқаптың қай жерінде кетіп бара жатқандығын көремін. Танап басына көп бармаймыз. Осының арқасында шығын азайды. Тағы, қай жерге минералды тыңайтқыш сіңіру қажеттігін білеміз. Жалпы, саланы цифрландырудың пайдасы өте зор.

Дегенмен, қазіргі күні тың технологияларды теріскейлік шаруалардың барлығы бірдей қолдана алмай отыр. Мәселен, Зәпкен Шаяхин басшылық ететін “Сенім” серіктестігі Мамлют ауданына қарасты Бостандық ауылында орналасқан. Аталған елді мекенде байланыс нашар. Сондықтан, жерлесімізге істі қашықтықтан жүргізу қиынға соқпақ.

Зәпкен Шаяхин – “Сенім” ЖШС директоры, Мамлют ауданы:

–  Ұялы байланыс және интернет жақсы жұмыс істесе барлығы жеңіл болады. Әйтпесе, жай ғана қорытынды жасау үшін түні бойы отыратын сәттер болады.

Жалпы, Сәкен Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің мамандары білім жетілдіру бойынша семинарларды мұнымен доғармайды. Олар енді еліміздің 4 аймағында осындай жиын өткізбек.

Байболат Бектемірұлы