МТРА жаңалықтары

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының облыстық департаменті өткен жылды қорытындылады

Пара алу, алаяқтық және қызметін асыра пайдалану. Өткен жылы мемлекеттік қызметкерлер осындай заңбұзушылықтарға көбірек жол берген. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының облыстық департаменті журналистермен жүздесіп, өткен жылды қорытындылады.

Өткен жылы ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы облыстық департаментінің мамандары 75 заңбұзушылықтың бетін ашқан. Бұл былтырғымен салыстырғанда екі есеге көп екен. Оның 25-і пара алу болса, 16-сы – алаяқтық. Қызметін асыра пайдалану фактілері де кездесіпті. Ондай 13 жағдай тіркелген. 35 лауазымды тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылса, соның 14-і – әкімдік, 7-уі -ішкі істер органдарының қызметкерлері. Ал бармақ басты, көз қыстылыққа ең көп жол бергендер тізімін әкімдіктегілер бастаса, оларды құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және құқық қорғау саласының қызметкерлері қостайды екен.

Асхат Жұмағали – ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросы СҚО бойынша департаментінің басшысы:

–  Өткен жылы біздер 63 істі аяқтап сотқа бердік. Соның бірі облыстық мемлекеттiк сәулет-құрылыс бақылау және лицензиялау басқармасының бұрынғы басшысы Мұрат Аблаевқа қатысты. Ол қылмыстық схема құрып, 700 бен 1500 доллар аралығында пара алып келгендігі үшін жауапкершілікке тартылды. Экс-шенеунік аузын майлағандарға тиісті емтиханнан сүрінбей өтіп, техникалық құжаттарды алуға жағдай жасаған.

Бір сөзбен айтқанда, құрылысшылар қажетті құжаттарын оп-оңай алып, жұмыстарын жалғастыра берген. Абылаев құрған қылмыстық схема жоғары сұранысқа ие болған сыңайлы. Тіпті, Астана, Ақтау, Шымкент қалаларында аттестациядан өте алмай жүргендер оны Петропавлға келіп тапсырған. Осылай абыройын айрандай төккен мемлекеттік қызметші Мұрат Абылаев 8 жылға бас бостандығынан айырылыпты. Енді ол өмір бойына мемлекеттік қызметте жұмыс істей алмайды. Журналистерді тағы соңғы уақытта басы даудан арылмаған Тайынша ауданының бұрынғы әкімі Владмир Дудовтың да оқиғасы қызықтырды.

Елена Степаненко – ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы:

–  Әдеп жөніндегі кеңесте оны қызметінен босату туралы ұсыныс айтылды. Ұсынымды қаперге алған облыстық әкімдіктегілер Владимир Дудовты жұмыстан шығарды. Ол бұл шешіммен келіспей, екі мәрте аппелляциялық шағым түсірді. Бірақ, онысынан түк шықпады.

Жиында тағы Мамлют ауданының экс әкімі Жастілек Сыздықовтың да тағдыры сөз болды. Кәсіпкерден 185 мың рубль талап еткен бұрынғы атқамінер енді мемлекетке айыппұл төлеуі тиіс. Оның сомасы – 22 млн теңге.

Мағжан Ахмадина