Балалар

С.Мұқанов атындағы облыстық кітапхана оқырмандары бас қосты

Бүгін кітап десе ішкен асын жерге қоятын петропавлдықтар С.Мұқанов атындағы облыстық кітапханада бас қосты. Библиошоу атты ерекше форматта өткен кездесуде мәдениет ошағының тұрақты оқырмандары жас буынға өздерінің сүйікті шығармалары жайлы әңгімелеп берді.

Сандық технологиялар қоғамды қаншалықты жаулағанымен, кітапсүйер қауымның қатары сиремек емес. Классика, жаңа заман әдебиетін планшеттен емес, қағаздан оқуды құп көретін жастар баршылық. Ара-арасында олар С.Мұқанов атындағы облыстық кітапханада бас қосады.

Елена Скакунова – С.Мұқанов атындағы ОӘҒ кітапханасының іс-шаралар ұйымдастырушысы:

– Бұл шара оқушылар мен студенттердің арасында оқуға деген қызығушылықты арттыруға бағытталған. Бүгін жастармен С.Мұқанов атындағы облыстық кітапхананың үздік оқырмандары әңгіме-дүкен құруда. Тілдесіп қана қоймай, өздерінің сүйікті шығармаларымен және авторларымен бөлісіп, ақыл-кеңестерін беріп жатыр.

Тәжірибелі оқырмандарды болашақ медбике Ксения Есина мұқият тыңдап отыр. Келешектегі мамандығының көркем әдебиетке еш қатысы болмаса да, медициналық колледж студенті роман, пьеса мен әңгімелерді сүйіп оқиды. Сондықтан, қолы босай қалса кітапханаға жүгіруді әдетке айналдырған. Себебі, ешбір смартфон, ешбір фильм қарапайым кітаптың орнын баса алмайды дейді.

Ксения Есина – Солтүстік Қазақстан медициналық колледжінің студенті:

– Кітап оқуға құмартқалы бері өз ойымды еркін жеткізе алатын болдым. Сондай-ақ, сөздік қорымның молайғанын байқадым. Менің ойымша, жастар кітапты көбірек оқулары керек.

Мұндай шараларды оқырмандар “библиошоу” деп атайды екен. Жас болсын, кәрі болсын мұнда оқыған кітабы туралы пікірін ашық жеткізе алады. Алдағы уақытта аталмыш шараны айына кем дегенде бір рет өткізіп отыру жоспарланып отыр.

Саят Ермек