Құқық қорғау органдары

Рөлге мас күйінде отырған жүргізуші оны тоқтатқан полицейлердің бірін қағып өткен

Жолда жүру ережесін бұзған қала тұрғынын тоқтату барысында көлік басқарған адам тәртіп сақшыларының бірін қағып өткен. Абырой болғанда, полиция қызметкері жарақат алған жоқ. Ал бұзақы алысқа ұзамай қолға түсті. Қазір 40 жастағы ер адамға қатысты іс “Билік өкіліне қатысты күш қолдану” бойынша бірыңғай соталды тергеу тізіліміне енгізілген.

Өткен жексенбі күні кешкі сағат 6 шамасында “Мерседес” автокөлігін тізгіндеген азамат тәртіпсіздігімен полицейлердің көзіне түседі. Оны тәртіп сақшылары тоқтатып, жүргізуші куәлігін көрсетуді сұраған. Алайда, ер адам оның орнына газды басып, қашып кетпекші болған. Қолға түскен 40 жастағы ер адам есесіне машинадан шығудан бас тартып, көліктің алдында тұрған полиция қызметкерін қағып кеткен. Абырой болғанда, тәртіп сақшысы жарақаттанған жоқ.

Аслан Құсаинов – Петропавл қаласы ПБ патрульдік полиция батальонының полицейі:

– Жүргізушіні күш көрсету арқылы тоқтатуға мәжбүр болдық. Өйткені, ол адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірді. Тексеріс нәтижесінде 40 жастағы қала тұрғынының рөлге орташа мас күйінде отырғандығы және көлік басқару куәлігі жоқ болып шыққандығы анықталды.

Енді заң бұзушыға қатысты әкімшілік хаттама толтырылып, іс қалалық полиция басқармасының жедел тергеу тобына тапсырылған.

Аталған іс ҚР Қылмыстық Кодексiнің 380-бабы “Билік өкіліне қатысты күш қолдану” бойынша бірыңғай соталды тергеу тізіліміне енгізілді. Айта кеткен жөн, бұл полиция қызметкерлеріне бағынбаудың биылға осымен екінші фактісі.

Молдир Шаяхмет