Қайырымдылық

Өңірде “Қайырымдылық керуені” атты конкурс өтуде

Өткен жылдың қараша айында ел көлемінде “Қайырымдылық керуені” атты конкурс бастау алған болатын. Аталған шараға біздің өңірден де үміткерлер қатысуда. Сайыстың ережесі бойынша қайырымдылық жасап, мұқтаж жандарға көмек көрсетіп жүрген адамдар байқауда өздерін 5 номинация бойынша ұсына алады.

“Асар”, “Туған жер”, “Батыл жүрек”, “Мейірім жолында” және “Қайырымдылық тарихы”. Конкурс жеңімпаздары осы номинациялар бойынша анықталады. Оған әлеуметтік және қоғамдық мәселелерді шешуге үлес қосып, өзінің қайырымдылық істері арқылы басқаларды ынталандырып жүрген жеке және заңды тұлғалардың қатысуға құқығы бар.

Бақытжан Сәмиева – СҚО iскер әйелдер қауымдастығының төрайымы:

– Байқау ережелеріне сай акцияға тек өз ақшасына қайырымдылық жасап жүрген жандар ғана қатыса алады. Ал мемлекеттен грант немесе басқа да қаржылай көмек алған тұлғалар атсалыса алмайды. Жалпы, конкурсты ҚР Тұңғыш Президенті Қоры мен Іскер әйелдер қауымдастығы өткізіп отыр.

Аталған шара ел бойынша өткен жылдың қараша айында басталған болатын. Әзірге, біздің облысымыздан тек өз кандидатурасын 3 үміткер ғана ұсынған.

Бақытжан Сәмиева – СҚО iскер әйелдер қауымдастығының төрайымы:

– Қатысушыларға өздерінің аты-жөні мен қайырымдылық істері жайлы жазып, дәлел ретінде фотосуреттерін жіберсе жеткілікті. Конкурс қараша айында басталғанымен ол туралы әлі көбі білмейді. Сондықтан, үміткерлер де аз. Тағы айта кететін болсақ, қаңтардың 29-ы С.Мұқанов атындағы облыстық қазақ сазды-драма театрында қайырымдылық концерті ұйымдастырылады. Келем деушілерге есік ашық.

Жалпы, “Қайырымдылық керуені” конкурсы ақпанның 12-сі қорытындыланбақ. Жеңімпаздар Елордада өтетін ауқымды шара барысында марапатталады.

Молдир Шаяхмет