МТРА жаңалықтары

Илья Старухиннің ісі бойынша куәгерлер тыңдалды

Сонымен, Старухин сау әлде мас болған ба? Оның ащы су ішіп алғанын көрмедік. Айыпталушымен апат орын алған кезде бірге болған жолдастары осылай деп отыр. «Ударник» түнгі клубының маңында 4 ай бұрын орын алған қайғылы оқиға куәгерлерінен қалалық сот отырысында жауап алынды.

Шынымен де, бұл оқиға бара-бара күтпеген жайттарға толы бола бастады. Оны сот процесіне қатысқан куәгерлерді тыңдау барысында көз жеткіздік. Өйткені, олардың көпшілігі бастапқы берген жауабынан айнып, сотта өзгеше тіл қатуда. Сөзден тұтылғандардың алғашқысы – Илья Старухиннің кеңсесін күзететін қызметкер. Нақ сол қайғылы апат орын алған түні ол кезекшілік атқарған екен.

Қуаныш Қасымғожин – куәгер:

– Сол түні Илья Старухин өз кеңсесінде достарымен отырды. Олар кешкі 7-8-дер шамасында келген еді. Илья Старухиннің компаниясы мен күзетшілік ететін ғимаратта кеңсе жалдайды. Сондықтан, ол маған бір қыз келеді оған есікті аш дегесін мен аштым. Бойжеткен түнде келді. Олардың не істегенін білмеймін. Әйтеуір, бірнеше рет дүкенге жүгіргендері есімде. Сосын түнгі 3-тер шамасында барлығы кеңседен шығып кетті. Ішіндегі біреуі маған мас сияқты болып көрінді.

Осылай деген күзетшіге кейін қос тарап өкілдері де, судья да сұрақтарды қарша боратты. Өйткені, оның бұл жауабы алғашқысымен еш сәйкес келмейтін. Полицейлер жауап алғанда зейнеткер олардың барлығы мас болғандығын жеткізген. Нақ сол түні Илья Старухиннің серіктеріне қосылған қыз да сот алдында жауап берді. Ол құрбысымен дәмханада отырыпты. Кейін такси шақыра алмаған соң, жақын маңда Старухиннің достарымен отырғанын естіп сонда барған. Елена Лутченконың сөзінше, олар карта ойнап, аздап виски ішіп отырған. Тек Илья ғана кола ішкен.

Елена Лутченко – куәгер:

–  Мен оларға түнгі екі жарымдар шамасында барып қосылдым. Кейін бір сағаттан соң біздер тарай бастадық. Арман деген жігіт такси шақырып кетіп қалды. Ал Әлішер мас болғандықтан машинаның артқы жағына барып бірден құлады. Илья рөлге отырды, ал мен оның қасына жайғастым. Ол көлікті қатты айдаған да жоқ. Кенеттен менің жағымнан екі қыз жолға жүгіріп шықты. Оларды қағып кеткен Илья бірден жерде жатқан қыздардың бірінің қасына барды. Ал жұрт болса, машинаның артында жатқан Әлішерді жұлмалап, айқайлап жатты. Сол кезде Ильяның қайда кетіп қалғанын түсінбедім де.

Жалпы, Елена Лутченконың сөзіне сенсек, Старухин мас күйінде көлік жүргізбейтін көрінеді. Мұндай пікірді оның досы Әлішер де айтуда. Десе де, ол сол түні не болғанын онша біле бемейді. Өйткені, мас болған.

Әлішер Сейіткереев – куәгер:

–  Барлығының қалай болғанын білмеймін. Өйткені, мен кеңседен шыққан соң бірден ұйықтап қалдым. Тек кейін мені жұрт далаға алып шығып ұрғанда ғана ояндым. Не болғанын сосын жеткен полицейлер түсіндірді.

Ішкі істер органының бұрынғы қызметкері Әлішер Сейіткереев өзіне қойылған өзге сұрақтарға да жауап берді.

Кейін сот отырысында 2 бірдей такси жүргізушісі және сол түні клубта қыдырған жандар куәгерлік етті. Олардың бірі Илья Старухин көлікті қатты айдады десе, енді бірі ақырын жүрді дейді. Айта кетейік, келесі сот отырысы қаңтардың 22-сі күні өтеді деп жоспарланған. Онда тағы бірнеше куәгер мен Илья Старухин жауап беретін болады. Жалпы, айыпталушының туысқандары қайтыс болған Ксения Овсянникованың туғандарына толығымен материалдық шығынды өтеген. Ал моральдық өтемақыны Илья Старухиннің жақындары төлеуге асығар емес.

Мағжан Ахмадина