МТРА жаңалықтары

Әдеп жөніндегі кеңестің осы жылғы алғашқы отырысы өтті

Былтыр өңірімізде тәртіптік жазаға тартылған 6 мемлекеттік қызметші жұмыстан қуылыпты. Ол аздай, 2 маманның лауазымы төмендеп, 30-ына қатаң сөгіс жарияланған. Бұл жайлы әдеп жөніндегі кеңестің осы жылғы алғашқы отырысында айтылды.

Өткен жылы өңірде әдеп жөніндегі кеңестің 12 отырысы өтіпті. Онда 57 профилактикалық сұрақ қаралған. Ал талқыланған тәртіптік істердің саны 40-ты құрайды.

Сұлтан Магомедов – ҚР Мемлекеттiк қызмет iстерi және сыбайлас жемқорлыққа қарсы iс-қимыл агенттiгi СҚО бойынша департаментiнің бас маманы:

–  Былтыр облыстың әкімшілік қызметкерлеріне қатысты 767 тәртіптік жазаға тағайындалды. Ал 2017 жылы бұл көрсеткіш 1017-ні құраған еді. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде 6 адам жұмыстан қуылды, 2-уінің лауазымы төмендеді, 44 маман қызметіне толық сай болмағаны үшін ескерту алды. Бұдан бөлек, 30 қатаң сөгіс және 192 сөгіс жарияланды.

Тағы, жиында СҚО әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі Дулат Тайшабай былтыр атқарылған жұмысты баяндады. Оның сөзінше өткен жылы жергілікті атқарушы органдарда заңды сақтау мен сыбайлас жемқорлықтың алдын алу туралы 500-ге тарта кездесу өтіпті. Тағы, 3 мыңнан аса маман қатысқан жасырын сауалнама да ұйымдастырылған. Мұның нәтижесінде бірқатар олқылықтар табылған.

Дулат Тайшабай – СҚО әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі:

–  Мемлекеттік органдарда тиісті нормалардың сақталмауына қатысты 20 шағым түсті. Біз көрсетілген ұйымдарға бардық. Ол жерде басшылықты және қызметкерлерді жиып, қажетті талаптарды еске салдық. Одан бөлек, былтыр жас мамандарға қолдау таныту жайына көп көңіл бөлдік. Яғни, қызметке енді тұрған жастарға істің қыр-сырын түсіндіру, жұмысында қолайлы жағдай жасалуына мән бердік.

Бұл ретте әдеп жөніндегі кеңес мүшелері уәкілге облыстағы мемлекеттік органдарда сауалнаманы жасырын емес, ашық түрде жүргізуді ұсынды. Дәлірек айтсақ, ұйымда еңбек ететін мамандармен жеке-жеке кездесіп, онын жауабын тыңдауға кеңес берді. Сонымен қатар, шарада Ақжар ауданы әкімінің орынбасары Ғалымтай Айтмұхамбетов өткен жылы атқарылған істі баяндады.

Ғалымтай Айтмұхамбетов – Ақжар ауданы әкімінің орынбасары:

– Сыбайлас жемқорлыққа қарсы және этикалық кодексті сақтау мәселелері бойынша 7 түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Оның ішінде 3 мемлекеттік қызметшінің этикасын көтеру бойынша дәрістер оқылды. Тағы, ауылдарға сапар жасалды.

Есебін аяқтаған Ғалымтай Айтмұхамбетовке ҚР Мемлекеттiк қызмет iстерi және сыбайлас жемқорлыққа қарсы iс-қимыл агенттiгi СҚО бойынша департаментiнің басшысы Елена Степаненко мамандардың жұмыс уақытын сақтауды тапсырды. Оны жүзеге асыру үшін компьютерлерді сағат тура 18:00 өшіретін жүйе орнатуды жүктеді. Жалпы, әдеп жөніндегі кеңестің үстіміздегі жылы өтіп отырған алғашқы жиынында 7 профилактикалық және 1 тәртіп іс қаралу қажет еді. Бірақ, облыстық мемлекеттік кірістер департаментінің басшысы Астана қаласына жұмыс сапармен кеткендіктен, соңғы мәселе талқыланбай, кейінге қалды.

Култанов Байболат