Өнеркәсіп

“БЛОК” ЖШС жұмысшыларының айлығын жыл сайын арттырып отырады

Кадрлардың кетуін болдырмау үшін кәсіпкерлер жұмысшылардың жалақысын өсіріп отырулары қажет. Бұл жайлы облыс әкімі Құмар Ақсақалов аппараттық отырыстардың бірінде айтқан болатын. Ал жергілікті “БЛОК” серіктестігінде мұндай проблема жоқ, себебі жұмысшылардың айлығы жыл сайын артып отырады.

“Блок” ЖШС-ның нарықта жүргеніне – 30 жыл. Кәсіпорын электроқшаулағыш және “ризолин” атты гидрооқшаулағыш материалдар жасайды. Мұнда шығарылған өнім елордадағы “ЭКСПО” қалашығы мен өзге де бірқатар зәулім ғимараттардың құрылысында пайдаланылған екен. Одан қалды, мұнда техникалық мақсаттағы зығыр майы да өндіріледі. Серіктестік шығарған тауарының 63 процентін ТМД елдеріне экспорттайды әрі жыл сайын қуаттылығын кем дегенде 30 пайызға арттырып отырады. Бұдан түскен табыстың бір бөлігін басшылық жұмысшыларының еңбек жағдайын жақсартуға жұмсайды екен.

Евгений Высочин – “Блок” ЖШС коммерциялық директоры:

– Қазір серіктестікте 111 адам жұмыс істейді. Біздің өнім тұтынушылар арасында үлкен сұранысқа ие. Есесіне табысымыз да жақсы. Сондықтан, жыл сайын жалақы өсірерлік жағдайымыз бар. Былтырғы жылы қызметкерлердің айлығын 30 пайзға арттырдық.

Сөйтіп, өткен жылы “Блок” кәсіпорны еңбеккерлерінің орташа айлық еңбекақысы 120 мың теңгені құрапты. Әрі мереке сайын беріліп тұратын сыйақылары да бар.

Лариса Романюта, «Блок» ЖШС жұмысшысы:

– Менің мұнда тер төгіп жүргеніме 18 жыл болды. Жалақыны жыл сайын көтереді. Тағы да өсірсе деген тілегіміз бар, себебі азық-түлік қымбаттап жатыр ғой. Күнде түскі ас ішеміз, оның құны небәрі 50 теңге әрі еңбек демалысы 36 күнді құрайды.

Биылғы жылы кәсіпорын Украина нарығына шықпақшы. Тағы бірнеше тапсырыс берушілермен келісім шарт та жасалып қойған. Сондықтан, 2019-да кәсіпорын жұмысшыларының жалақысы тағы 10-15 артуы мүмкін.

Саят Ермек