Құқық қорғау органдары

СҚО-да өткен жылы көлікті есірткілік масаң күйде басқарған 57 адам ұсталған

Солтүстікқазақстандықтар полицейлер өткен жылы көлікті есірткілік масаң күйде басқарған 57 облыс тұрғынын анықтады. Олардың бірі жүргізуші куәлігінен айрылғанына қарамастан, рөлге қайта отырса, енді бірінің кесірінен жол-көлік апаты орын алған.

Рейд барысында тәртіп сақшыларыт “Opel Astra” автокөлігін тізгіндеген 38 жастағы қала тұрғынын тоқтатты. Тексеріс нәтижесінде азаматтың темір тұлпарды есірткілік масаң күйде басқарып жүргені анықталды. Ол бұған дейін де дәл осы жағдайда ұсталған екен. Полицейлер заң бұзған ер адамды 15 күнге қамауға алып, 6 жылға жүргізуші куәлігінен айырды.

Есірткі қабылдап, “ЗАЗ-Шанс” көлігінің рөліне отырған 55 жастағы тағы бір солтүстікқазақстандыққа 30 күндік әкімшілік қамау жазасы қолданылды. Қала тұрғыны өткен жылы дәл осы әрекеті үшін көлік басқару құқығынан 1 жылға айырылғанына қарамастан темір тұлпарды қайта тізгіндеген.

Баян Байғаскина – СҚО ПД ЖПҚ басқармасының аға инспекторы:

– 2018 жылы есірткілік масаю күйінде болған жүргізуші кесірінен бір жол-көлік оқиғасы тіркелді. Петропавл қаласының жолдарында “ВАЗ” автокөлігін басқарған Мағжан Жұмабаев ауданының тұрғыны қарсы бағыттағы көлікпен соқтығысқан. Жол қозғалысы ережесін бұзған жүргізуші көлік құралын басқару құқығынан 5 жылға айырылды.

Жалпы, өткен 12 айда өңірдің тәртіп сақшылары есірткілік масаң күйде болған 57 жүргізушіні анықтаған. Олардың барлығы ҚР Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексіне сәйкес тиісті жазаларын алды.

Молдир Шаяхмет