Қоғам

Петропавлдық автобустардың басым бөлігі мүгедектерге бейімделмеген

Петропавлдағы 280-ге жуық қоғамдық көліктің басым бөлігінде жарым жандар үшін тиісті жағдайлар жасалмаған. Мәселен, автобуста мүгедектерге арналған көтергіш құралы, арнайы қауіпсіздік белдіктері және жүргізушімен байланыс тетігі болу керек.

Шамиль Ризвановтың аяғын баса алмай, арбаға таңылғанына осымен үшінші жыл. Ер азамат діттеген жерге жету үшін мүгедектерге арналған тегін әлеуметтік такси шақыртады. Айтуынша, оған тапсырысты бір күн бұрын беріп қою керек. Ал шұғыл жол жүру қажет болса қоғамдық көлік қызметін пайдаланудан бас тартуға тура келеді екен. Себебі, петропавлдық автобустар жарымжандар үшін бейімделмеген дейді.

Шамиль Ризванов – қала тұрғыны:

– Көліктердің есіктері тар. Ол былай тұрсын, автобустардың өзі шағын, арбамен кіру мүмкін емес. Электрлік немесе механикалық пандус болса ғой, шіркін. Бірақ, әзірге, бұл мен секілді жарым жандардың арманы ғана. Біз үшін жағдай жасалмаған. Сондықтан, мүгедектердің көбі төрт қабырғаға қамалып үйде отырады.

Саят Ермек – тілші:

– Негізі, күнделікті қала бойынша шамамен 280 қоғамдық көлік жолға шығады екен. Олардың тек 6-уы ғана мүгедек арбасына таңылғандарды тасымалдауға бейімделген. Мұндай автобустардың 1-уі – №7, ал 5-уі Петропавл-Бескөл бағытындағы 101 маршрут бойынша қатынайды.

Талап бойынша бұл автобустарда мүгедектерді көлікке көтеру және түсіруге арналған құрылғы, жүргізушімен байланыс тетігі және арбаны бекітетін қауіпсіздік белдігі болуы шарт. Талаптардың сақталу-сақталмауын “Нұр Отан” партиясының жанынан құрылған арнайы мониторингтік топ тексерді. Кезекті бақылау шарасын өткізуге Шамиль Ризванов та көмектесуге ниет білдірген.

Сонымен, қала аялдамаларының біріне 101-ші автобус келіп тоқтады. Арбадағы адамды көрген жүргізуші атып шығып, жедел сатыны түсіре бастады. Ол жұмыс істейді, бірақ жарым жанның оған мінуі үшін өзгенің көмегі қажет. Тағы, автобус салонында арбаны бекітетін арнайы белдік те жоқ, жүргізушімен байланыс тетігі де істен шыққан. Яғни, манағы 6 көліктің өзі аяғын баса алмайтындарды тасымалдауға бейімделмеген болып шықты. Бірақ, арбаға таңылғандардан бөлек, көзі нашар көретін, құлағы нашар еститін және аяғын еміс басатын мүгедектер де бар шаһарда. Қоғамдық көлік оларға да қолжетімді болуы тиіс.

Светлана Бусыгина, облыс әкімінің мүмкіндігі шектеулі жандарды бейімдеу жөніндегі кеңесшісі:

– Әр қоғамдық көлікте табалдырықты жарықтандырып тұратын арнайы лампалар жұмыс істеп тұруы керек. Бұл жарым жандар құлап қалмас үшін. Тағы, әр автобуста мүгедектерге арналған арнайы орындар болуы тиіс. Кем дегенде 4 орындық кембағал жандар үшін ыңғайлы етіп орналасуы қажет. Көзі нашар көретіндер үшін автобустарда аялдамалар жарияланып тұруы шарт, ал көліктің едені тайғанақ болмауы керек.

Бұл тек талаптардың бір парасы ғана. Жалпы, мониторинг барысында қаладағы аялдамалардың біріне тоқтаған қоғамдық көліктердің басым бөлігінде тиісті ережелердің сақталмайтыны анықталды. Тіпті, мониторингтік топ мүшелерін пысқырмай, есікті тарс жауып, кетіп қалған жүргізушілер де аз болмады. Жағдай оңалу үшін автобустік парк жаңартылып, қала жолдарына мүгедектерді тасымалдай алатын көліктер шығуы тиіс. Бірақ, облыстық автокөлік одағы қауымдастығының төрайымы Галина Семенованың сөзінше, жолаушы тасымалдаушылардың жаңа қоғамдық көліктерді өз қаражатына сатып аларлықтай жағдайы жоқ.

Галина Семёнова – “СҚО Автокөлік одағы” қауымдастығының төрайымы:

– Қазір біз жергілікті атқарушы органдармен келіссөз жүргізіп жатырмыз. Қала және облыс басшылығымен кездесіп, жаңа автобустарды мемлекеттік-жеке меншік әріптестік аясында сатып алу мүмкіндігін қарастырудамыз. Осылайша, біртіндеп, автобус паркін жаңарту жоспарда бар.

Жалпы, бас партия ұйымдастырған мониторингтің қорытындысына сәйкес тасымалдаушыларға жағдайды түзету бойынша ұсынымдар жіберіледі. Айта кеткен жөн, бүгінде Петропавл бойынша жолаушылар тасымалымен 10 кәсіпорын айналысады.

Саят Ермек