Бизнес және экономика

Өңірдің қаржы нарығындағы жағдай

Былтырғы қаңтар мен қараша айлары аралығында облыс бойынша депозит көлемі 161,6 млрд теңгені құраған. Бұл 2017-дегі көрсеткіштен 11,9 процентке көп. Жиналған ақшаның 94 пайыздан астамы теріскейлік тұрғындардың салымы болып табылады. Өткен жылы өңірдің қаржы нарығында орын алған басқа да өзгерістер жайында ҚР Ұлттық банкінің жергілікті филиалының директоры Диас Мэлс айтып берді.

Өткен жылдың қаңтар-қараша айлары аралығында валюта нарығындағы жағдай құбылмалы болды. Бұл ақшаның еркін өзгермелі бағамына байланысты орын алыпты. Нәтижесінде 44,7 млн АҚШ доллары, 5,5 млн еуро және 8 млрд-тан аса ресей рублі нетто операциясына түскен. Яғни, басқа валютаға айырбасталған. Сонымен қатар, былтыр өңірде депозит көлемі өсіпті.

Диас Мэлс – “ҚР Ұлттық банкі” РММ СҚФ директоры:

–  Республика бойынша депозиттер көлемі 17,8 трлн теңгені құрады. Біздің облысымыз бойынша 161,6 млрд теңге болды. Бұл 2017 жылғы көрсеткішке қарағанда 12 пайызға өскенін көреміз. Осы 161,6 млрд теңгенің 94 пайызы жеке тұлғалардың салымдары болып табылады.

Көбінесе жерлестеріміз депозиттегі қаражатты ұлттық валютада сақтайды. Мәселен, былтыр шоттағы барлық қаржының 121,4 миллиардын теңге құраған. Ал қалған сома шетелдік ақша үлесінде. Осыдан өлкемізде долларлану деңгейінің 24,9 пайызға дейін төмендегендігін ұғынамыз.

–  Бұл ретте несие рәсімдеу жайлы статистикаға да тоқтала кетейік. Өткен жылдың қаңтар-қараша айлары аралығында қарыз ақша беру деңгейі 2017 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,1% өсіпті. Яғни, 11 айда өңірдегі банктерден 126,3 млрд теңге несие алыныпты. Оның 39,5 млрд-ы шағын бизнеске бағытталған екен.

Банктен алған несиені уақытында қайтармау жайлы да ақпарат бар. Мәселен, былтыр өңірдегі мерзімі өткен қарыздың көлемі 7,1 млрд теңгені құрапты. Бұл сома 2017 жылғы көрсеткіштен 9,9% көп. Тағы, облыста төлем карталарының даму динамикасына байланысты да өзгеріс орын алған.

Диас Мэлс – “ҚР Ұлттық банкі” РММ СҚФ директоры:

–  Біздің аймағымызда банкоматтар саны өсті. Төлем карточкалары арқылы төлем жасау көбейді. Пластикалық картаны иеленушілердің қатары 6,5 пайызға ұлғайды. Осылайша көрсеткіш 376 мыңнан асты.

Әңгіме барысында Диас Мэлс “7-20-25” бағдарламасын жүзеге асыруға қатысты мәліметпен бөлісті. Жоба жарияланғалы бері өңіріміздегі екінші деңгейлі 7 банкке жалпы сомасы 226,1 млн теңге болатын 26 өтінім түсіпті. Яғни, тұрғындар қаржы ұйымдарына несие алу үшін жүгінген. Нәтижесінде 11 өтініш мақұлданды. Айта кетейік, қаламызда мемлекеттік бағдарлама аясында Жабаев, Жуков көшелері мен Береке ықшам ауданында үйлер салынып жатыр.

Байболат  Култанов