Қоғам

Қаңтардың 19-ы православтар Крещение мерекесін атап өтеді

Қаңтардың 19-ы православ сеніміндегі христиандар Крещение мерекесін қарсы алмақ. Қазір мейрамға қызу дайындық жүргізілуде. Дұға оқытылған суға шомыламын дейтіндер үшін Есіл өзенінде екі бірдей алаң дайындалады. Мұнда ақ халаттылар, полиция қызметкерлері мен құтқарушылар кезекшілік құрмақ. Десе де, қауіпсіздік ережелерін естен шығармаған жөн дейді мамандар.

Жыл сайын православтардың Крещение мерекесінде дұға оқытылған суға шомылуға 15 мыңға жуық қала тұрғыны келеді екен. Биыл олардың саны тіптен артуы мүмкін. Себебі, мейрам демалыс күніне тұспа-тұс келіп тұр. Ең бастысы, қауіпсіздік ережелерін ұстану қажет. Бүгінде Есіл өзеніндегі мұздың қалыңдығы орташа есеппен 35 см-ді құрап отыр. Сондықтан, алауға бірнеше адамның бір мезетте шығуына тыйым салынбақ. Яғни, ойықтардың маңында көп дегенде 15 адамға ғана тұруға болады. Ереженің сақталуын тәртіп сақшылары, ақ халаттылар мен құтқарушылар қадағаламақ.

Алтай Тезекпаев – СҚО ТЖД жедел-құтқару жасағының жетекшісі:

– Суық суға түспес бұрын міндетті түрде денсаулықты тексеріп алу қажет. Жүрегі, бауыры ауыратын жандар дәрігерге қаралып, кеңескендері жөн. Себебі, мұздай суға шомылғанда олардың ағзалары шок алуы мүмкін.

Крещение мерекесінде суға түсу таңғы 7-ден кешкі 10-ға дейін Есіл өзенінің екі жерінде өткізілмек. Яғни, ойықтар қалалық жағажай мен өзен портында қазылады екен. Ал қараңғы түсе бастағанда аумағы жарықтандырылмақ. Оған қоса, киім ауыстыруға қарастырылған шатырлар орнатылады.
Тағы, брифинг барысында құтқарушылар алыс жолға шығамын деген теріскейліктерге қауіпсіздік ережелерін еске салуды жөн көрді. Ауа райы бүгінде қалыпты болғанымен, оның күрт суытуы ғажап емес.

Болатжан Асқарбеков – СҚО ТЖД бөлім бастығы:

–  Біздің облысымыздағы республикалық маңызға ие жолдарда қар басу қаупі бар учаскелердің жалпы ұзындығы 163 шақырымды құрайды. Сондықтан, әрбір ауданда бірнеше жылыту пунктілері қарастырылған. Өңір бойынша мұндай нысандардың саны 288-ге жетіп отыр. Оларға жолға жақын орналасқан мектеп, дәмхана, асхана мен ауруханалар жатқызылады.

Абырой болғанда, биылғы қыста қар құрсауында бірде-бір көлік қалмапты. Дегенмен, қауіпсіздік шараларына салғырт қарауға болмайды дейді мамандар. Сондықтан, алыс жолға жиналған азаматтар сапарға шыққандары туралы алдымен жақындарына хабар берулері қажет. Егер оқыс оқиғаға тап болса, міндетті түрде 112 нөміріне хабарласып, құтқарушыларды шақырған жөн.

Эльмира Садвокасова