Қоғам

Қызылжарлықтар Мәуліт мерекесін атап өтті

Сенбі күні солтүстікқазақстандық мұсылман жамағаты Мұхаммед Пайғамбардың туған күні – Мәуліт мерекесін атап өтті. Қасиетті мейрамда жерлестеріміз Алла Тағаланың ең сүйікті пендесі әрі елшісінің өнегелі істерін, өсиеттерін сөз етті. Одан бөлек, діни кеште Құран оқылды, салауат айтылды, тәрбиелік мәні зор сахналық қойылым қойылып, терме де орындалды.

Ол дүниеге келген кезде аспанда айрықша жұлдыз жарқырапты. Жер бетінде құрғақшылық пен жұттың жұрнағы да қалмапты. Мұның бәрі Мұхаммед Пайғамбар өмір есігін ашқан кезде орын алған екен. Дәл Мәуліт мерекесінде Алла елшісі туған уақытта болған құбылыстарды көпшілікке айту қажет. Себебі, бұл мұсылмандар үшін сауап саналады. Тағы, діни мейрамда Құран оқу міндетті.

Кейін, жиналған жұртшылықты Мәулік мерекесімен облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың атынан орынбасары Мадияр Қожахмет құттықтады.

Мадияр Қожахмет – СҚО әкімінің орынбасары:

– Бүгінгі күні Петропавл қаласы және облысымыздың аудан, ауылдарында осындай діни шаралар жоғары деңгейде өтуде. Мәуліт мерекесінің маңызы өте зор. Себебі, бұл мейрамда Пайғамбарымыздың өнегелі өмірі насихатталады.

Тағы, кеште өңірімізге жан-жақтан келген қонақтар Мұхаммед Пайғамбар жайлы әңгімеледі. Мәселен, Нұр-Мүбәрак университеті ректорының кеңесшісі Ержан қажы Маямеров Алла елшісінің тек шын сөйлейтіндігін, ашық мінезді болғандығын айтты. Оған қоса екі дүние сұлтаны үнемі үмбеттерін ойлапты. Тіпті, ақтық сапарға кетіп бара жатып адамзат баласының халін сұрапты. “Мұндай ілкімді істерді көпшілік жиналған Мәуліт мерекесінде айту қажет. Себебі, бұл жастарға үлкен тәрбие береді” – дейді ҚМДБ Қостанай облысы бойынша өкіл имамы Бақытбек Тәжімбет

Бақытбек Тәжімбет – ҚМДБ Қостанай облысы бойынша өкіл имамы:

– Мұның мағынасы неде? Осындай шарада Пайғамбарымыздың жақсы істерін жанданады. Оның жастарға берер пайдасы зор. Елбасымыз биылғы жылды “Жастар жылы” деп жариялады.

Бұдан бөлек, мейрамда елімізге танымал әнші Ерлан Рысқали терме орындады. Салауат айтылып, театрландырылған қойылымнан үзінді сахналанды. Нақтырақ айтсақ, жергілікті актерлар нашақорлықтың зиянын суреттейтін тәрбиелік мәні зор шағын спектакль қойды.

–  Мәуліт айы – ұлы мереке. Бірімізге-біріміз мейіріммен қараймыз.

–  Өзіміме кеш ұнады. Мұхаммед Пайғамбар жайлы көп нәрсе білдім.

– Мәуліт айы құтты болсын. Әрдайым осылай тойлана берсін.

Айта кетейік, Мәулік мерекесі 1 ай көлемінде аалып өтіледі.

Байболат Бектемірұлы