Спорт

Волейболдан 27-ші Қазақстан біріншілігінің 2-ші туры аяқталды

Бәсекеге толы 4 күн артта қалды. Петропавлда волейболдан Ұлттық лига құрамалары арасында өткен 27-ші Қазақстан біріншілігінің 2-ші туры аяқталды.

Бұл – дүбірлі доданың 4-ші, соңғы күні. Ойын қызған. Қазір шаршы алаңда «Алтай» мен «ТНК «Қазхром» құрамалары. Командалар турнирлік кестеде тағы бір сатыға жоғарылау мүмкіндігін жіберіп алмас үшін алдарына жан салмауда. Ойын, әсіресе алтайлықтар үшін өте маңызды. Себебі, аталған команда Қазақстан біріншілігінің 2-ші турында қанжығаларына әлі бір де бір ұпай байлай алмады. Волейболшылардың бар үміті енді осы матчта. Спортшылар бұны жақсы түсінсе де, басымдылық – қарсылас командада.

Хромтау қаласынан келген құрама болса ойын барысында қателік жібермеуге тырысып жатыр. Көп ұзамай бұл өз нәтижесін берді. Матч 3:0 есебімен «ТНК «Қазхром» командасының пайдасына шешілді.

Роман Байнякшин – «ТНК «Қазхром» командасының капитаны, Хромтау қаласы:

– Матч біз үшін оңайға соққан жоқ. Қарсыластарымыз лайықты ойын өрнегін көрсетті. Алтайлықтардың дайындығы жақсы болды. Команда алдын ала біздің ойыншылар мен тактикамызды зерттеген көрінеді. Сондықтан, айламызды асыру қиынға соқты. Дегенмен, олар біраз қателіктер жіберіп, біз басым түстік.

Ұлттық лига құрамалары арасындағы 27-ші Қазақстан біріншілігінің 2-ші туры теріскейлік «Есіл-СК» үшін сәтті өтуде. Спортшылар бұл көрсеткішті сақтап қала ала ма? Оны солтүстікқазақстандық команда мен павлодарлықтар арасындағы ойын көрсетеді. Әзірге, теріскейліктер алда келе жатыр.

Павлодарлық команда құрамында өңкей жастар ғана. Ал қарсыластары болса кіл мықтылар, арасында, тіпті легионерлер де бар. Сондықтан, ойын тізгіні де Есіл СК-да. Волейболшылар Ұлттық лиганың аутсайдерлеріне осы жолы да өз позицияларын өзгертуге мүмкіндік бермеді. Осылайша, жергілікті құрама ойынды 3:0 есебімен аяқтап, Петропавлда өткен жалпы турда 11 ұпайды еншіледі.

Ермек Сырлыбаев – ҚР волейбол федерациясының бас хатшысы, жарыстың бас төрешісі:

– Екі жыл бойы жарысты жаңа форматты өткізіп жатырмыз. Біз командаларды төрт-төрттен екі топқа бөлдік.

Алда командаларды тағы осындай 2 айналым күтіп тұр. Үздік төрттік сәуір айында өтетін ел чемпионатына жолдама алмақ. Әзірге, жергілікті жергілікті команда жалпытурнирлік кестенің 4-ші сатысында тұр. Ал үздік үштікке “Алтай”, “Тараз”, “ТНК “Қазхром” құрамалары енді.

Эльмира Сәдуақасова