МТРА жаңалықтары

Солтүстікқазақстандықтар жарыққа 103 млн теңге қарыз

Жарыққа қарыз болсаңыз, қайтарғаныңыз жөн! Себебі, “Севказэнергосбыт” серіктестігі ұзақ уақыттан бері берешегін бермей жүрген абоненттермен күресті бастады. Аталған монополистік компания мамандары төлем жасамаған тұрғындардың үйлерін аралап, баспаналарды электр қуатынан айырады.

Интернационал көшесіне қарасты 62-ші үйдің 43-ші пәтерінде борышкер тұрады. Ол “Севказэнергосбыт” серіктестігіне 1 жылдан бері қарыз. Оның берешегі 51 мың 819 теңгені құрайды. Бүгін бұл мекен жайға монополистік компанияның өкілдері келді. Қазір мамандар баспананы жарықтан айырмақ.

Маман 5 минуттың ішінде сымды қиып, пәтерді жарықсыз қалдырды. Бірақ, бұл үйдің тұрғыны қайтадан электр қуатына қосыла алады. Ол үшін қосымша ақы төлеу қажет.

Расул Ысқақов – «Солтүстік Қазақстан ЭТК» АҚ тарату бойынша қалалық электр желілері басқармасы басшысының орынбасары:

– Абонет жарықты қайта қоса алады. Бірақ, ол үшін бірінші кезекте электр энергиясына толыққанды төлем жасауы қажет. Тағы, қосылу қызметіне, жеке сот орындаушысы мен сот шығындарын өтеуі тиіс. Міне, сондай жағдайда ғана бұл пәтерге жарық береміз.

Подъездегі жұмысты аяқтап сыртқа шыққалы жатқанда үйдің иесі келді. Ол қарызды жауып, жарықты қосатынын айтты. Жалпы, мұндай борышкерлер өңірде жеткілікті. Мәселен, қазір облыста әдейі төлем жасамайтын 200 абонент бар екен. Соның ішіндегі 120 тұрғынның берешегі белшеден.

Мағауия Сағандықов – “Севказэнергосбыт” ЖШС бас директорының міндетін атқарушы:

– Тұтынушыларымыздың 99 проценті уақытылы төлем жасайды. Ал кейбір тұрғындар жылдап қарыз. Мысалы 120 абоненттің әрқайсысының берешегі 100 мың теңгеден асады. Біз мұндай жандардың үйіне жарық беруді тоқтатамыз. Негізі, борышкерлердің пәтеріне де, көршісінікіне де электр қуаты бір желі бойынша келеді. Сондықтан, олар сымды қимайды деп ойлайды. Бірақ, бұл олай емес. Біз Солтүстік Қазақстан Электржелістік Тарату Компаниясы» АҚ өкілдерімен бірлесіп жарықты ажырата аламыз.

Айта кетейік, үстіміздегі жылдың 1-ші қаңтарындағы ақпаратқа сүйенсек солтүстікқазақстандықтар жарыққа 103 млн теңге қарыз.

Байболат Бектемірұлы