Қоғам

Петропавлда “Қызылжар дәмі” атты гастрономиялық фестиваль ұйымдастырылмақ

Петропавлда қаңтардың 15-сі аспаздар арасында алғаш рет “Қызылжар дәмі” атты гастрономиялық фестиваль бастау алады. Бір жарым айға жалғасатын шараға шаһардағы 20-дан астам мейрамхана мен дәмхана ат салыспақ.

Мынау – қала мейрамханаларының бірінің ас мәзірі. Аталған тізімге 1-ші және 2-ші тағам, 2 салат, самса және шай кіреді. “Қызылжар дәмі” фестивалінің ережесіне сай қала тұрғындарына ұсынылатын тағамның құны 3999 теңгеден аспауы тиіс. Бірақ, осы соманың аясында ас мәзірін құрастыруда еркіндік берілген.

Сайран Хамзин – “СҚО рестораторлары мен отельерлері ассоциациясы” ҚБ төрағасы:

– “Қызылжар дәмі” фестиваліне Петропавл қаласынан 20 мекеме және Айыртау ауданының Саумалкөл ауылындағы дәмхана қатысады. Ол үшін аспаздар дайындаған тағамдарын тұрғындарға небәрі 3999 теңгеге ұсынады. Аталған шара қаңтардың 15-і басталып, ақпанның 28-і аяқталады. Осы аралықта кез келген азамат 20 мейрамхана мен дәмханалардың біріне барып 3 пен 8 тағам аралығында құралған сетке тапсырыс бере алады.

Сондай-ақ, гастрономиялық фестиваль аясында Астана және Алматы қалаларынан келген аспаздар жергілікті мамандарға шеберлік сағатын өткізеді. Оның барысында етті бөлу, сүрлеу, бешбармақ дайындау, құдалық өткізу сияқты қонақ қарсы алудың қыр-сыры түсіндіріледі. Жалпы, “Қызылжар дәмі” фестивалі өңірімізде алғаш рет ұйымдастырылып отыр.

Марат Искаков – СҚО Кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары:

– Гастрономиялық шараның көмегімен біз өңірімізге туристер тартамыз. Ал бұл дегеніміз – шаһарымыздың гүлденіп, жеке кәсіпкерлердің ісі жандана түседі деген сөз. Ол үшін қызмет көрсету сапасына үлкен көңіл бөлу керек. Бұл өз кезегінде демалушыларға ұсынылатын тағамдардың дәмді әрі сапалы болуына тікелей байланысты. Жалпы, фестивальді алдағы уақытта жыл сайын ұйымдастыру жоспарланып отыр.

Айта кету керек, шара аясында әрбір мейрамхана мен дәмханада “Мейірімділік тәрелкесі” атты қайырымдылық акциясы өткізіледі. Яғни, әрбір азамат тәрелкеге 500 теңге салуы қажет. Кейін жиналған ақша мұқтаж жандарды тамақтандыруға жұмсалмақ.

Мөлдір Шаяхмет