Спорт

Петропавлда балалар мен жасөспірімдер арасында спорттық биден чемпионат өтті

Әсем әуенге сай ырғақты би. Петропавлда балалар мен жасөспірімдер арасында спорттық биден жабық облыстық чемпионат өтті. Аты айтып тұрғандай, оған тек біздің өңірдің ұл-қыздары қатысты. Қазылар алқасы барлығы – 200-ге жуық жас дарынның өнерін бағалады.

Спорттық биге қазіргі таңда балалар мен жастар үлкен қызығушылық танытуда. Мәселен, бүгінгі жабық чемпионатқа өңіріміздің би студияларынан 180 өнерпаз қатысып жатыр. Оларға қойылатын талап жоғары. Сайыскерлердің әсем әуен ырғағымен үндескен билерін қазылар алқасы жұптасып өнер көрсету, ырғақ, тепе-теңдік және әртістік сияқты критерийлер бойынша бағалайды.

Сергей Ляйсенов – төреші , Астана қаласы:

– Қатысушылар латын-американдық және европалық бағдарламаларды қаншалықты меңгергендерін көрсетіп жатыр. Біз өз кезегінде олардың билерін тиісті деңгейде бағалауға тырысамыз. Додаға 4 пен 16 жас аралығындағы бишілер қатысып, соло және жұптық биде өнер көрсетуде.

Жұптық биді меңгеру оңай шаруа емес. Ол асқан төзімділікті талап етеді. Матвей Денисевич пен Мария Дьяченко жас ерекшеліктеріне қарамастан, мұны өте жақсы біледі. Олардың жұптасып өнер көрсетіп жүргендеріне 1 жылдың жүзі болыпты.

Али Сибанов пен Аделия Мұқан да чемпионатқа жақсы дайындықпен келген. Олар квикстеп, самба, ча-ча-ча, румба және басқа да латын билерін әзірлеген екен. 7 жастағы жеткіншектер өз нөмірлерін жоғары деңгейде орындап шықты.

Аделия Мұқан – чемпионатқа қатысушы:

– Менің сүйікті биім – самба. Бірақ, жұптасып билеген де ұнайды.

Али Сибанов – чемпионатқа қатысушы:

– Мен әрқашан тек жеңіске талпынамын. Бүгін өнерімізді барынша көрсеттік деп ойлаймын.

Жалпы, Петропавлда 200-ден астам өнерпаз спорттық бимен айналысады. Олардың 20-ға жуығы халықаралық деңгейде өнер көрсетеді.

Мөлдір Шаяхмет