Аптадағы маңызды жаңалықтар

Мектеп асханалары – назарда

Теріскейлік білім ошақтарындағы ас мәзірі қаншалықты талапқа сай? Мұны өз бақылауына “Нұр Отан” партиясының мүшелері “Мектеп асханалары” жобасының аясында алып отыр. Бүгін олар қаладағы білім ұяларына барып, оқушыларға берілетін тағамның сапасы мен асханадағы санитарлық жағдайды қадағалап қайтты.

Ботқа, сорпа, салат пен тоқаш. Бірінші гимназия оқушыларын күнделікті тамақтандырумен «Волкова» ЖК айналысып келеді. Ол білім ошағының асханасына осымен 25 жылдай уақыт жауапты екен. Сондықтан, балаларға тек жаңа дайындалған, дәмді әрі пайдалы тағам түрлерін ұсынады. Оқушылардың да тағар міні жоқ көрінеді.

Нұрлан Түкенов – Бірінші гимназия оқушысы:

–  Біздің асханамызда өте дәмді тамақ береді. Барлығы ұнайды. 0-24 Күніне 200-250 теңге жұмсаймын.

Тағамдардың құны қалта қақпайды. Оған асхананың жұмысымен танысуға келген “Нұр Отан” партиясының мүшелері де көз жеткізді. Алдымен, комиссия ас мәзіріне назар аударды.

Бүгінгі ас мәзірі осындай. Ұсынылатын тамақ тізімін аспазшылар бір айға әзірлеп қойыпты. Айтуларынша, регламентке сай. Алайда, тағам рационы бойынша бекітілген бірыңғай стандартта шұжықтан жасалған өнімдер жоқ, ал мектеп асханасында бар. Жемістерге келер болсақ, жағдай мүлдем басқаша. Олар буфеттен табылмады. Оған қоса, былтырдан бастап мәзірге тағы сүт өнімдері мен бал қосылған екен. Бұның біреуі де сөреде болмай шықты. Тағы, нұротандықтар тағам сапасын қадағалайтын маман болған жөн дейді.

Ғафура Бөстекова – «Нұр Отан» партиясының мүшесі:

– Бүгінгі күні мектептерде арнайы диетолог маман жұмыс істеуі керек. Ол балалардың жейтін тағамдарының сапасын бақылайтын болады.

Гимназия директоры Наталья Букатованың сөзінше, асхана 100 орынға шақталған. Алайда, іс жүзінде тек 50 адамды бір уақытта тамақтандыру мүмкіндігі бар екен. Екі корпустан тұратын Бірінші гимназияның дәл осы оқу орнында 300-ден астам жеткіншек білім алады. Асханадағы орын аздығынан, балалар сынып-сынып болып бөлініп тамақ ішуге мәжбүр. Аталған мәселе күрделі жөндеу барысында шешілетін болады деп сендірді оқу ошағының басшысы.

Эльмира Сәдуақасова