МТРА жаңалықтары

23 мың теріскейлік жылжымалы мүлік салығын төлемеген

Өңірде жылжымалы мүлік салығын уақытылы төлемеген 23 мың борышкер бар. Олар бұл істі былтырғы жылдың 31-ші желтоқсанына дейін тындыру керек еді.

Эльмира Сәдуақасова – тілші:

– Жеңіл көлік, автобус пен камаз. Бүгінде осы және өзге де жылжымалы мүлікке 92 мыңға жуық теріскейлік иелік етеді екен. Олардың барлығы жыл сайын мемлекетке салық төлеуге міндеттелген. Оның мөлшері әр түрлі факторларға негізделеді. Яғни, салық құны автомобильдің түрі мен қозғалтқыш көлеміне байланысты есептелінеді.

Өткен жылы жылжымалы мүлік салығын төлеу мерзімі 2018 жылдың 31 желтоқсанына дейін бекітілген болатын. Осы уақытқа дейін бюджетке 1 млрд 389 млн теңге көлемінде қаражат түсіпті. Дегенмен, төлемді уақытында жасамаған азаматтар да жоқ емес. Бүгінде олардың саны 23 мыңды құрайды. Күн сайын борышкерлердің салық мөлшерінің үстіне өсімпұл қосылуда.

Анар Әдиева – СҚО мемлекеттік кірістер департаменті басқармасының басшысы:

– 2018 жылдың шілде айынан бастап екінші деңгейлі банктерде салықты уақытында төлемеген адамдарға шот ашылмайтын болады. Бұл ереже жәрдемақы және әлеуметтік төлемақы алайын деп жүрген азаматтарға қатысты емес. Қазіргі таңда борышкерлерге жақын арада жіберілетін хабарламалар даярлану үстінде. Ол табысталған уақыттан бастап, азамат қарызын өтеуі қажет.

Әйтпеген жағдайда, мемлекеттік кірістер органдары істі сот орындаушысына дейін жеткізетін болады. Мемлекет алдындағы борышты Петропавл қаласының 3 сауда үйінде орын тепкен арнайы терминалдар мен nalog.integro.kz. сайтынан білуге болады. Оған қоса, ақпарат тиісті Комитеттің интернет-ресурсына жайғастырылған.

Эльмира Сәдуақасова