МТРА жаңалықтары

“Қызылжар – адалдық алаңы” жобалық кеңсесі жұмыс істеуде

Қызылжар – адалдық алаңы. Осындай атаумен қалада желтоқсан айында жобалық кеңсе жұмысын бастаған болатын. Мамандар сыбайлас жемқорлық фактілерінің алдын алу және қоғамда парақорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытында еңбек етпек.

Балабақша кезегін жылжыту, емтиханды оп-оңай сәтті тапсырып шығу, тексерістен өтпей-ақ медициналық анықтамаға қол жеткізу. Бұл – бүгінгі қоғамда қалыпты жағдайға айналған көрініс. Соңғы уақытта мемлекеттік органдарда парақорлық мәселесімен бетпе-бет кезігуге болады. Әлеуметтік сауалнама нәтижесі көрсеткендей, теріскейліктердің 23 пайызы мамандардың жұмысын тездету үшін қалталарынан ақша шығаратын көрінеді.

Елена Степаненко – ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі агенттігі СҚО бойынша департаментінің басшысы:

– Көріп отырғанымыздай, 2018 жылы өткізілген сауалнама нәтижесі көңіл көншітерлік емес. Біздің өңірде кәсіпкерлерден алынатын параның деңгейі де өте жоғары екен. Мәселені қиындықсыз шешу үшін 20 мың мен 200 мың теңге аралығында ақша талап етілген жағдайлар тіркеліп отыр.

Ал жерлестеріміздің 19 пайызы ақ халаттылардың жұмысын тездету үшін өз еріктерімен 5 мың теңге көлемінде қаражат беретін көрінеді. Денсаулық сақтау саласын цифрландыру бұндай заңбұзушылықтардың алдын алуға ықпал етпек.

Мадияр Қожахмет – СҚО әкімінің орынбасары:

– Қазіргі таңда денсаулық сақтау саласының 85 пайызы сандық технологияларға көшті. Осындай шара білім беру жүйесіне де енгізіліп келеді. Қазір баланы балабақша кезегіне үйден шықпай-ақ қоюға болады. Сондай-ақ, биыл ауыз бастырық пен көз қыстылықтың деңгейін төмендетуге арналған шараларды мықтап қолға алу қажет.

Өткен жылдың желтоқсанында жұмысын бастаған «Қызылжар – адалдық алаңы» жобасының да мақсаты осы.

Серік Айдарбеков – ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі агенттігі СҚО бойынша департаменті басқармасының басшысы:

– Жобалық кеңсенің мақсаты – жемқорлыққа төзбеушілікті қалыптастырып, мемлекеттік қызметтердің сапасын арттыру.

Жобалық кеңсе 3 бағыт бойынша жұмыс істейді. Олар – тұрмыстық жемқорлықты жою, қоғамдық бақылауды ұйымдастыру және парақорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру. Мамандар білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қамту, мемлекеттік кіріс органдары, сот және құқық жүйесімен қоян-қолтық еңбек етуді көздеп отыр. Қазір әрбір сала бойынша жұмыс топтары құрылып жатыр.

Эльмира Садвокасова