Балалар

“Рождестволық қиял” халықаралық байқауы қорытындыланды

Петропавлда 9-шы “Рождестволық қиял” халықаралық байқауы қорытындыланды. Сайыс нәтижесі бойынша үздік деп танылған туындылардың авторларына мақтау қағаздары мен сыйлықтар табыс етілді.

Сайыстың алғашқы кезеңіне Қазақстанның түкпір-түкпірінен және көршілес Ресейдің ұл-қыздарынан 300-ге жуық жұмыс келіп түсіпті. Оның ішінен қазылар алқасы 3 номинация бойынша тек үздік деген туындыларды таңдап алған.

Виктор Сайко – “Рождестволық қиял” байқауын ұйымдастырушы:

– Халықаралық байқаудың алғашқы кезеңі желтоқсан айында өтті. Бұл конкурсқа ережеге сай 4-пен 18 жас аралығындағы суретшілер қатысты. Бізге келіп түскен жұмыстардың ішінен үздік деп 90-ға жуық туындыны таңдап алдық. Ең бастысы, суреттердің салыну тәсілі, тақырыптың ашылуы және бояудың қанықтығына ерекше мән бердік.

Сонымен, марапаттау сәті де келіп жетті. Жеңімпаздарға тәтті сыйлықтар мен бейнелеу өнері туралы түрлі кітаптар табысталды.

Карина Тормозинаның “Крещенские морозы” атты жұмысы байқауда 1-ші орынға лайық деп танылған. Жеткіншек Петропавлдағы шіркеулердің бірін қағаз бетіне түсірген.

Карина Тормозина – “Рождестволық қиял” байқауының қатысушысы:

– Өз жұмысымда үйімнің қасында орналасқан шіркеуді бейнеледім. Себебі, маған қала көрінісі, ғимараттары ұнайды. Жалпы, бейнелеу өнерімен айналысып жүргеніме 4 жыл болды. Осы аралықта туындыларымды талай байқауларға жіберіп, жүлделі орындарға ие болдым.

Карина Тормозина “Бейнелеу өнері” аталымы бойынша қатысса, 12 жасар Мадина Мержоева жұмысын қолөнер номинациясы бойынша ұсынған. Мынадай композицияны жасап шығу үшін жеткіншек 3 ай бойы еңбектенген екен.

Мадина Мержоева – “Рождестволық қиял” байқауының қатысушысы:

– Мен жасаған шағын үйімді ағаш пен картоннан құрастырдым. Басты идея – отбасындағы жылулықты көрсету. Барлық детальдарын өзім қиып істедім. Әсіресе, жиһаздарды келтіру қиынға соқты.

“Рождестволық қиял” байқауы жүлдегерлерінің суреттері мен қолөнер туындылары облыстық бейнелеу өнері мұражайында 2 апта бойы паш етіледі.

Молдир Шаяхмет