Білім

“Өрлеу” біліктілікті арттыру орталығында зертханашыларға арналған курстар бастау алды

“Өрлеу” біліктілікті арттыру орталығында зертханашыларға арналған курстар бастау алды. Дәл осы бейіндегі мамандар үшін оқыту шаралары соңғы 10 жыл көлемінде өтпеген екен. Дәріс сабағы биыл “Орта білім беруді модернизациялау” жобасы аясында қолға алынып отыр. Жалпы, “Өрлеу” орталығының жергілікті филиалында жыл сайын 4 мыңнан астам маман білімін жетілдіреді.

Айыртау ауданынан келген Индира Алтаева қазір әріптестерімен бірге жаттықтырушы берген тапсырманы орындап жатыр. Ол Айыртау ауданындағы Дәуқара орта мектебінде 1 ай көлемінде зертханашы болып жұмыс істейді. Тәжірибесі аз болғандықтан жас маман осындай курсқа қатысып, білімін жетілдіруді жөн көріпті.

Индира Алтаева – Дәуқара орта мектебінің зертханашысы, Айыртау ауданы:

 – Барлық лаборанттармен өзіміздің тәжірибелерімізбен алмастық. Сондай-ақ, біліктілікті арттыру институты бізді кеше Назарбаев Зияткерлік мектебіне апарды. Онда біз робототехника жұмысын бақыладық, зертханалық жұмыстар жасадық.

Жалпы, зертханашы сабаққа қажетті құралдарды дайындап, балалардың техникалық қауіпсіздігі мен кабинеттегі жұмыс істеуге арналған жағдайды қадағалауға міндетті. Сондай-ақ, бүгінде мамандар жаңа технологиялар мен робототехника кешенін жіті меңгерулері қажет. Себебі, бұл – “Орта білім беруді модернизациялау” жобасы аясында қойылып отырған басты талап.

Алмаз Тұрсынбеков – “Өрлеу” БАҰО” АҚ филиалы “СҚО ПҚ БАИ” ақпараттық технологиялар бөлімінің басшысы:

– Курс заманауи мультимедиалық құрылғылармен және цифрлық білім беру ресурстарын қолдана отырып жүргізілуде. Бүгін робототехника негіздері бойынша сабақ барысында лаборанттар арнайы жасақталған кабинетте Lego Mindstorms Education EV3 және Arduino Uno R3 робототехникалық кешендерімен танысып, өздеріне біраз мағлұмат алып жатыр.

Аталған курста 25 зертханашы оқып жатыр. Оларға арналған дәрістер соңғы 10 жыл көлемінде өткізілмеген екен. Жалпы, білктілікті арттыру орталығында 2016 жылдан бері жаңартылған білім беру мазмұны бойынша 5 мың 200-ден астам маман оқытылыпты. Олардың тең жартысы – ауылдық мектептердің мұғалімдері.

Молдир Шаяхмет