Аптадағы маңызды жаңалықтар

Петропавлда офтальмологиялық орталық ашылды

Петропавлда заманауи офтальмологиялық орталық ашылды. Мемлекеттік- жекеменшік серіктестік аясында салынған емдеу мекемесі 35 жатын орынға шақталған.

Қала тұрғыны Амандық Жантеміровтің көз дәрігерлеріне үнемі қаралып жүргеніне 10 жылдан асқан. Ал 8 жыл бұрын қария глаукоманың кесірінен бір жанарынан айырылыпты. Бүгін орталыққа келіп қаралған зейнеткерге дәрігерлер екінші көзінің 100 пайыз көретіндігін жеткізді.

Амандық Жантеміров – Петропавл қаласының тұрғыны:

– Бір көзім көрмесе де екіншісі жақсы көреді. Сондықтан, оған дәрігерлердің ұсынысы бойынша дәрі құйып тұрамын. Тағы маған үнемі көз қысымын тексертіп отыру қажет. Бұрын облыстық ауруханаға баратынмын. Енді мына жер үйіме жақын болды.

Қызметін жаңа жылдан бастап отырған емдеу мекемесі мемлекеттік-жекеменшік серіктестік аясында бой түзеген. Бүгін орталықтың жұмысымен танысуға келген облыс әкімі Құмар Ақсақаловқа мұнда атқарылып жатқан іс барысы баяндалды..

Тимур Сұлтанғазиев – СҚО денсаулық сақтау басқармасының басшысы:

– Инвестиция құны 550 млн теңгені құрайды. Ол – толығымен кәсіпкердің қаржысы. Ал мемлекет тарапынан құрылғылар алуға грант берілді. Және 15 жыл бойына мемлекеттік тапсырыспен қамтамасыз етеміз.

Бұрындары офтальмологиялық кабинет облыстық аурухананың 500 шаршы метр болатын жерінде ғана орналасыпты. Ал енді жаңадан ашылған емдеу мекемесі 2,5 мың шаршы метр аумақты алып жатыр. Кең бөлмелерде науқастарға қажеттінің барлығы бар. Жалпы, орталық 35 жатын орынға шақталған. Толықтай заманауи қондырғылармен жабдықталыпты.
Өңір жетекшісі мұнда ота жасайтын бөлмелерде болып, науқастардың хал-жағдайын сұрап білді.

Бүгіндері теріскейде көз дәрігерлерінің есебінде 7 мыңнан астам адам тұр. Соның 2,5 мыңы – балалар мен жасөспірімдер.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Бұрындары өңір тұрғындары ең қажет деген операцияларды өзге жақтарға барып жасататын. Енді Петропавлда жасайтын болады. Көп операциялар мемлекеттік тапсырыс арқылы тегін жасалатын болады. Биыл біздер медициналық жабдықтарды алу үшін қаржыны 2018 жылмен салыстырғанда 3 есе көп бөлдік.

Сондай-ақ, биыл қатарға су жаңа 2 томограф алу жоспарланып отыр.

Магжан Ахмадина