Білім

Облыстық оқушылар олимпиадасының жүлдегерлері марапатталды

Күш – білімде. Бүгін Оқушылар сарайында пәнаралық олимпиаданың облыстық кезеңінде топ жарған жеткіншектер марапатталды. Жаратылыстану-математикалық және қоғамдық-гуманитарлық пәндер бойынша өзара сынға түскен 500-ден астам оқушының жартысына жуығы жүлделі орындардан көрінген. Соның ішінде 72 бала олимпиаданың республикалық кезеңіне жолдама алды.

Әділ Сәлем Әбу Досмұхамбетов атындағы дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатының 9-шы сыныбында оқиды. Жеткіншек алтын белгіге үміткер. Ақылдылығын Әділ қаңтардың 4-і мен 5-і күндері дәлелдеді. Ол жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық оқушылар олимпиадасының облыстық кезеңінде топ жарды. Таңдаған пәні – физика.

Әділ Сәлем – Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған гимназия-интернатының оқушысы:

– Менің болашақ мамандығым ІТ саламен байланысты болғандықтан физика пәнін таңдадым. Олимпиадаға жыл бойы дайындалдым. Қиын болды, себебі формаларды есептеп шығару керек болды.

Енді Әділден өзге тағы 71 жеңімпаз бен жүлдегер Солтүстік Қазақстан облысының намысын республикалық олимпиадада қорғайтын болады. Ол наурыз айында өтпек.

Алмагүл Оспанова – СҚО білім басқармасының бас маманы:

– Қызылорда қаласында қоғамдық-гуманитарлық, ал Ақтөбе қаласында жаратылыстану-математикалық пәндер бойынша республикалық олимпиада өтеді. Балалардың дайындығын жергілікті қазылар-алқасы жоғары бағалап отыр.

Жалпы, ең білімді оқушылардың аймақтық бәйгесіне өңір бойынша барлығы 550 жеткіншек қатысқан. Олардың 220-дан астамы жоғары білім деңгейін көрсетіп, жеңімпаз бен жүлдегер атанды. Эрудиттерді жетістіктерімен облыс басшысының орынбасары Мадияр Қожахмет құттықтап, жастарға артылатын сенімнің жоғары зор айтты.

Мадияр Қожахмет – СҚО әкімінің орынбасары:

– 2019 жыл Қазақстан Республикасында жастар жылы болып жарияланды. Сондықтан, сіздердің – еліміздің жас ұрпағының жаңа жылды осындай интеллектуалды жарыстан бастап отырғандарыңыз өте маңызды.

Кейін олимпиадада 1-ші, 2-ші және 3-ші орындарға ие болған оқушылар марапаттарын алды.

Сондай-ақ, білім додасының қорытындысына сәйкес ең үздік олимпиадалық құрамалар да анықталды. Аудандар арасында бұл марапатқа Есіл ауданы ие болды. Олар 11 жүлдегерді дайындаған. Ал Петропавл қаласы бойынша Әбу Досмұхамбетов атындағы облыстық дарынды балаларға мамандандырылған мектеп-интернатының балалары оза шапты. Бұл білім ошағының 32 оқушысы биіктен көрінген. Бұдан бөлек, үздіктерді олимпиадаға даярлаған үздік мұғалімдер де алғыс хаттарын алды.

Саят Ермек