Қоғам

Мемлекеттік қызмет алудың қолжетімділігі

Қаламыздағы халыққа қызмет көрсету орталықтарында азаматтарды жеке сұрақтары бойынша қабылдау өтіп жатыр. Шарада Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің өкілі тұрғындармен жүздеседі.

Нақтырақ баяндайтын болсақ, ол адамдарға мемлекеттік қызмет алу жайын әңгімелейді. Яғни, маман келушінің сауалымен жіті танысып, қандай мекен жайға бару қажет, нендей құжаттарды жинау керектігін айтады. Бұл ретте аз-кем статистикаға тоқтала кетейік. Көбінесе жерлестеріміз департамент қызметкеріне жер қатынастары саласына қатысты сұрақтармен барады екен. Тағы, пәтер кезегіне тұру мәселесімен жүгінетіндер де баршылық. Айта кетейік, мұндай қабылдау әр апта сайын қаламызда ғана емес, өңіріміздің аудандарында да ұйымдастырылып тұрады.

Айсұлу Оразбекова – ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі агенттігі СҚО бойынша департаментінің бас маманы:

– Бізге тұрғындар мемлекеттік қызмет алуға қатысты проблемалық сұрақтарымен келе алады. Олардың барлықтарына ақыл-кеңесімізді беріп көмек көрсетеміз. Сондай-ақ, өткен жылдың қарашасында іске қосылған “Цифрлық агент” қосымшасы жайлы түсіндіріп айтып береміз. Оған тіркелу арқылы тұрғындар халыққа қызмет көрсету орталықтары, Қаржы, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрліктерінде қызмет ететін мамандардың жұмысын бағалай алады. Ендігі қабылдау қаңтардың 15 күні қаламыздағы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығында өтеді.

 

Култанов Байболат