Бизнес және экономика

2018 жылы 2060 солтүстікқазақстандық азамат “Бастау Бизнес” жобасы аясында курстардан өткен

Өткен жылы “Бастау Бизнес” жобасы аясында 2 мыңнан астам солтүстікқазақстандық кәсіп ашудың қыр-сырын меңгеріп алған. Олардың дені – бұған дейін жұмыссыз жүргендер екен. Бүгінде курсты аяқтағандардың 800-ге жуығы өз істерін дөңгелетіп отыр. Жобаға қатысқандардың арасында Қызылжар ауданы тұрғындарының саны басым.

“Бастау Бизнес” – халыққа кәсіп ашуға көмектесетін жоба. Оның аясында кез келген азамат көңілі қаласа бір айлық бизнес-курстан өтеді. Жобаның мүмкіндіктердін жемісті пайдаланғандардың бірі – шаштараз Ольга Комарова. Енді жылдар бойы жалданып жұмыс істеп келген шебердің қазір Бескөл ауылында өз шаштаразы бар.

Ольга Комарова – кәсіпкер, Қызылжар ауданы:

– “Бастау Бизнес” жобасы жайлы танысымнан білдім. Қараша айында екеуміз барып, кәсіп жүргізудің қыр-сырын үйрендік. Кейін комиссия алдында бизнес-жоспарымды қорғап шығып, мемлекеттен 240 мың теңгенің грантын ұтып алдым. Оған қондырғылар мен жиһаз сатып алдым. Курстарда танысқан екі келіншекпен бірігіп ғимарат жалдап, жұмыс істеп жатырмыз.

Бизнес серіктестердің тағы бірі – Диана Омарова. Ол – маникюр жасаудың шебері. Мемлекеттік грантқа тиісті құрал-жабдықтарын алған сатып алған Диана, шаштараздың бір бөлігіне жайғасып, қыз-келіншектердің тырнақтарын әдемілеп, қастарын түзейді. Әрлеп қана қоймай, арасында істің қыр-сырын да үйретіп отырады екен.

Диана Омарова – кәсіпкер, Қызылжар ауданы:

– Мен қызмет көрсетумен ғана шектелмей, маникюр мектебін де аштым. Мұнда келіншектерге тырнақ әрлеудің базалық ережелерін үйретемін. Бір апталық сабақтардың құны – 20 мың теңге. Курстарды аяқтаған нәзікжандыларға арнайы сертификат беріледі.

Шаштаразбен көршілес бөлмеде ескі жастықтардың мамығын тазалайтын шағын цех орналасқан. Бұл да “Бастау Бизнес”-тің арқасында ашылған кәсіп.

Жалпы, 2018 жылы Қызылжар ауданының 181 тұрғыны жоба курстарынан өткен. Олардың 20-сы кәсібін ашу үшін шағын несие алыпты, ал 76 азамат өздерінің бизнес-жоспарларын сәтті қорғап, 100 АЕК көрсеткіш көлемінде қайтарымсыз грантқа қол жеткізген.

Араларында дыбыс жазу студиясын, мектепке дейінгі оқыту орталықтарын ашқандар да бар. Ал негізі қызылжарлықтардың көбі қызмет көрсету саласын таңдайды екен.
Мәселен, Бескөл ауылының тағы бір тұрғыны Елена Тришинаның той залдарын безендірумен айналысатын шағын студиясы бар.

Елена Тришина – “Тришина” ЖК басшысы:

 -Түрлі материалдардан әдемі гүлдер жасаймыз. Кейін олардан фотоаймақтар жасаймын, жас жұбайлар отыратын үстел маңын, той дастархандарын безендіремін. Халық тарапынан сұраныс жақсы. Қазір бір адамды жұмыспен қамтып отырмын.

Жалпы, өткен жылы өңірде “Бастау Бизнес” жобасы аясында 2 мыңнан астам адам оқыту курстарына қатысқан. Осылайша жоспар артығымен орындалыпты.

Александр Бердниченко – СҚО Кәсіпкерлер палатасының бөлім басшысы:

– Олардың 363-і ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан несие алды. 551 адам грантқа қол жеткізді. Грант иегері атанған немесе несие алған солтүстікқазақстандық іскер азаматтардың дені ауыл шаруашылығы саласында еңбек етуде.

Айта кеткен жөн, кәсіпкерлікке үйрететін игі жоба ауыл жұртшылығының арасында танымалдылыққа ие. Себебі, 2018 жылы курстардан өткен жерлестеріміздің 97 пайызы аудандарда тұрады екен.

 

Саят Ермек