Құқық қорғау органдары

Жеке күзет ұйымдарының жұмысы тексерілді

Облыстық полиция департаментінің полицейлері кезекті оқу-жаттығу жиынын өткізді. Шарада тәртіп сақшылары қаламыздағы жеке күзет ұйымдарының жұмысын тексеріп, нысандардың шұғыл жағдайларға даярлығын байқады.

Қаламыздағы жанар-жағармай құю бекеттерінің біріне бетперде киген азамат шабуыл жасады. Ол кассирді бұрағышпен қорқытып, тонап кетпекші болыпты. Бірақ, арам ойы жүзеге аспады. Оған күзетші қарсылық көрсетіп, жерге алып ұрады. Ал сол сәтте кассир “дабыл” батырмасын басып, күзетшілерді көмекке шақырып үлгерген.

Мұрат Мұхаметалин – жедел әрекет ету тобының күзетшісі:

– Шамамен 20 минут бұрын бізде “дабыл” батырмасы іске қосылды. Оған дереу әрекет етіп, шақыртылған жерге аттандық. Діттеген нысанға келісімен құқықбұзушыны ұстадық. Онда бұрағыш құрал болды.

Шын мәнінде бұл – шынайы оқиға емес, полицейлердің кезекті жаттығуы. Мұндай әдіс арқылы тәртіп сақшылары жеке күзет ұйымдары мен нысандардың шұғыл жағдайларға даярлығын тексереді.

Самал Қасенова – СҚО ПД бөлім бастығы:

– Былтыр күзет қызметін бақылау бөлімі облыс аумағында 39 оқу-жаттығу жиынын өткізді. Осындай шара барысында нысандардың техникалық жабдықталуын, “дабыл” жүйесінің жұмыс істеуін, камералардың орнатылуын тексереміз. Тағы, шақырту кезінде полицейлер мен жеке күзет ұйымдары өкілдерінің бірлесіп сапалы әрекет етулерін бағамдаймыз.

Жалпы, әр күн сайын полицейлермен қатар 16 күзет фирмасының 32 мобильдік тобы да қызмет атқарады. Олар нысандардағы, көшедегі тәртіпті қадағалайды. Қазіргі таңда облыста 106 күзет ұйымы бар. Аталған мекеме қызметкерлері былтыр 53 қылмыстың бетін ашуға және мыңнан аса әкімшілік құқықбұзушылық фактісін анықтауға көмектесіпті.

Култанов Байболат