Қоғам

Петропавлдық зейнеткерлер апаттық үйді паналауда

Петропавлдық қос қария қала сыртындағы апаттық үйлердің бірін паналап отыр. Қабырғалары жарылған, оған қоса сыз тартқан пәтерде тұратын зейнеткерлерге қысы-жазы шыбын-шіркей де маза бермейді екен.

Қала шетіндегі мына екі қабатты үй осыдан екі жыл бұрын апаттық деп танылған. Набережная көшесіндегі баспананың сырты жарылып жатыр, ал іші сыз тартады. Бұған қарамастан үйдегі 9 пәтердің бірін 80-нің сеңгіріне шыққан Зинаида мен Тимофей Новокшоновтар паналауға мәжбүр. Қос қарияның тұрмыс жағдайына қарап жүрегің сыздайды, бірақ амал нешік, олардың басқа барар жері жоқ.

Тимофей Новокшонов:

– Жыл он екі ай қабырғалар осылай дымқыл болып тұрады. Әктедік те, сырладық та, тұсқағаз жабыстырып көрдік, бірақ еш нәтиже шықпады.

84 жастағы Зинаида Новокшонованың төсек тартып жатқанына осымен 1 ай болыпты. Қаншама жыл сыз тартқан үйде тұрып келгендіктен буындары сыр берген. Өйткені, мұнда үйдің қабырғалары бір бөлек, тіпті жиһаз бен төсек-орынға дейін дымқыл тартқан.

Саят Ермек – тілші:

– Жаз болсын, қыс болсын үйде шыбын-шіркей қаптап жүреді. Неге дейсіз ғой, себебі үйдің өзі батпақты жерде орналасқан, сондай-ақ пәтердегі ауада ауыр сыздың иісі байқалады. Сондықтан, қарияларды жәндіктерден шыбын-шіркейге қарсы арнайы спреймен жақпа майлар ғана құтқарады.

Жәндіктерді қақаған аяз да қорқытпайтын көрінеді. Ал жазда шыбын-шіркейдің саны еселеп көбейе түседі екен.

Зинаида Новокшонова:

 – Жазда спрейді өкіртіп сеуіп, пәтерді жауып бір екі сағат далада жүреміз. Сонда өлген шыбын тамақ пен шайдың ішінде қалқып жүреді. Қазір жүре алмаймын, денсаулығым күрт нашарлап кетті. Қартайғанда осындай бейнет көреміз деп кім ойлаған?!

Новокшоновтар отбасы өңірге сонау 55 жылы тың игеру үшін келген. Кейін танысып, отау құрады. Өсіріп, тәрбиелеген 7 баласының бәрі қазір Ресейде тұрады екен. Осылайша, қартайған шағында екеуден екеу қалған қариялар дені дұрыс пәтерге қолжеткізсек дейді.

Саят Ермек – тілші:

– Ұлы Отан соғысы басталғанда Зинаида Новокшонова небәрі 8 жаста болған. Оның зейнеткерлік куәлігінде ҰОС ардагері деген жазба да бар, мерейтойлық марапаттары да жететін. Алайда, бұған қарамастан қалалық әкімдік қос қарияға баспанамен көмектесуден бас тартып отыр.

Жастарына қарамастан ерлі-зайыпты Новокшоновтар қалалық әкімдік табалдырығын талай тоздырған.

Тимофей Новокшонов:

– Желтоқсанның бесі қала әкімі Марат Тасмағанбетовтың қабылдауында болдық. Ол бізге 2030 жылға дейін пәтер күтпеңдер деді. Мына үй құламайынша баспананың берілмейтінін айтты.

Қарияларға қала әкімінің орынбасары да әкімшіліктен пәтер күтпеңдер деп кесіп айтқан көрінеді. Бірақ, зейнеткерлер көп ұзамай тұрмыстарының түзелетінінен үміттерін үзбейді.

Саят Ермек