Мәдениет

Петропавлда “Ұлы даланың жеті қыры” атты көрме жұмыс істеуде

“Ұлы даланың жеті қыры”. С.Мұқанов атындағы облыстық кітапханада қараша айынан бері осындай атаумен көрме жұмыс істеуде. Онда “Ұлы Жібек жолы”, “Зергерлік өнер нақыштары”, “Бабадан қалған асыл сөз” сияқты құнды кітаптарды кезіктіруге болады. Бүгін осындай тың туындыларды тағы бір шолып өткен педагогика саласының ардагерлері көрменің жастар үшін маңыздылығын атап өтті.

Көрмеде 300-ден астам ғылыми мақала мен тарихи құнды кітаптар қойылған. Олардың барлығы “Ұлы даланың жеті қыры” атты мақалаға сәйкес бірнеше бөлім бойынша жайғастырылыпты. Мәселен, атқа міну мәдениеті, аң стилінің өнері, Түркі әлемінің бесігі, Алтын адам және тағы басқалары. Айта кеткен жөн, атқа міну мәдениеті бөлімінде өмірінің 40 жылын археологияға арнаған жерлесіміз, тарих ғылымдарының докторы Виктор Зайберттің туындылары да бар.

Елена Скакунова – С.Мұқанов атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының қызметкері:

– Бұл көрменің маңызы жоғары. Қойылған туындылармен оқушылар, студенттер мен мемлекеттік органдардың мамандары келіп танысып жатыр. Ал бүгін педагогика саласында көп жыл еңбек еткен ардагерлер шақырылды.

Облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі Сәуле Тахметова ұлы даланы мекендеген ата-бабаларымыздың тариxын, дәстүрі мен әдет-ғұрпын ұмытпау және оны қастерлеу – асыл парызымыз дейді. Ардагер педагог оқушыларын да өмір бойы осыған үйреткен.

Сәуле Тахметова – облыстық ардагерлер кеңесінің мүшесі:

– Мақаланың бірінші қыры атқа міну мәдениетіне арналған. Осы орайда айта кетерім, мәселен біз өткен жылы ұжымымызбен Айыртау ауданына барып келдік. Тарихи жәдігерлерді өз көзімізбен көріп, үлкен әсер алдық.

Жалпы, облыстық кітапханада қанат жайған көрме жыл бойы жаңа, қызықты кітаптармен үнемі толықтырылып отырмақ.

Молдир Шаяхмет