МТРА жаңалықтары

Ұлттық ұланға – 27 жыл

Бүгін ҚР Ұлттық ұланының құрылғанына 27 жыл толып отыр. Айтулы датаға орай Н.Погодин атындағы орыс драма театрында мерекелік іс-шара өтті. Жиында құқықтық тәртіп пен қоғамдық қауіпсіздікті сақтау жолында аянбай еңбек етіп жүрген 30-ға тарта маман марапатталды. Оларға облыс әкімінің Құрмет грамотасы, Алғыс хаты және бірнеше ведомстволық төсбелгілер табысталды.

Ұлттық ұлан – ел қауіпсіздігінің қалқаны. Себебі, Отан алдында адал қызмет етуге ант берген жандар күндіз-түні еңбек етеді. Дәлірек айтсақ, олар құқықтық тәртіп пен қоғамдық тыныштықтың сақталуына зор үлес қосады. Бүгін, міне, тәуелсіз мемлекетіміздің қорғандары өздерінің төл мерекелерін атап өтіп жатыр.

Мұрат Шапашев – ҚР ҰҰ Әскери институтының кафедра бастығы:

– 1992 жылы 10-қаңтарда ҚР Президентінің жарлығымен ҚР Ішкі әскерлері құрылды. Ал 2015 жылы 10-қаңтарда ҚР Президентінің жарлығымен ҚР Ұлттық ұланы туралы заң қабылданды. Міне, осы Ұлттық ұлан құрылған 27 жыл ішінде біздің офицерлер, сарбаздар, келісім шарт бойынша еңбек етіп жүрген мамандар өздеріне жүктелген міндетті абыроймен атқарып жүр.

Мерекелік шараның ресми бөлімі Ұлттық ұланның туын залға енгізуден басталды. Кейін, сөз облыс әкімінің орынбасары Антон Федяевқа берілді.

Антон Федяев – СҚО әкімінің орынбасары:

– Құрметті ардагерлер, әскерилер, қонақтар, сіздерді облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың атынан ҚР Ұлттық ұланы күнімен құттықтаймын. Аса жауапты қызметтің жүгін арқалаған жандар өздерінің өмірлерін қауіпке тіге отыра еліміздің қауіпсіздігін сақтайды. Одан бөлек қоғамдық-саяси, мәдени және спорттық іс-шараларға белсенді қатысып жастарға потриоттық тәрбие беріп жүр. Тағы, түрлі табиғи жағдайларда жергілікті атқарушы билік өкілдерімен бірлесе жұмыс істеп, тұрғындарға қол ұшын созады. Сондықтан да ел өмірінде Ұлттық ұланнның орны орасан саналады.

Құттықтау сөзден соң, Антон Федяев биыл қаламызда Ұлттық ұланның Әскери институтына қарасты 4 бірдей нысанның құрылысы басталатындығын айтты. Ғимараттар 2021 жылы қолданысқа берілмек. Кейін, кезек марапаттау рәсіміне келді. Алдымен мінсіз қызмет атқарып, білікті офицерлерді даярлауға үлес қосқан 3 маман құрметке бөленді. Оларға өңір жетекшісі Құмар Ақсақаловтың Құрмет грамотасы табысталды.

Мұндай марапатты Әскери институттың аға оқытушысы Мақсат Нүсіпов те алды. Подполковник шеніндегі азаматқа Құрмет грамотасы самбодан әлем чемпионы атанғаны үшін беріліп отыр.

Мақсат Нүсіпов – ҚР ҰҰ Әскери институтының аға оқытушысы:

– Бүгін мереке күні марапатталдым. Оған өте қуаныштымын. Бұл грамотаны 2018 жылы самбодан әлем чемпионы атанғаным үшін алып отырмын. Енді, әрі қарай осы еңбегімізді жалғастырып, жастарға, курсанттарға білім береміз.

Салтанатты шара барысында бірқатар жерлесіміз ҚР Ұлттық ұланының Бас қолбасшысы, жергілікті Әскери институт пен облыстық полиция департаменті бастығының төсбелгілері мен мақтау қағаздарын алды. Марапатталғандардың қатарында Самат Ахметжанов та бар. Білікті барлаушы-маманға 1-ші дәрежелі “Ұлттық ұлан қызметінің үздігі” белгісі табысталды.

Самат Ахметжанов – ҚР ҰҰ 6637 әскери бөлімінің барлаушы-маманы:

– ҚР Ұлттық ұланы қатарында 22 жыл еңбек етіп жүрмін. Дәл осы саланы таңдап, мұнда қызмет атқарып жүргенімді мақтан тұтамын. Жұмысымыз өте жауапты. Кей кездері тәуліктеп үйге бармаймыз. Оның бәрі еліміздің тыныштығы, тұрғындардың амандығы үшін.

Шара мерекелік концертпен аяқталды. Сахнаға жергілікті әнші-бишілерден бөлек, әскерилер де шығып кештің сәнін келтірді. Айта кетейік, бүгінгі таңда еліміздің Ұлттық ұланы қатарында 35 мыңнан астам қазақстандық қызмет етеді.

 

Култанов Байболат