Денсаулық сақтау

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына 133 млрд теңге түсті

133 млрд теңге. Бұл – қазақстандықтардың 2017 жылдан бастап әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жасаған аударымдары. Оның 2,5 пайызға дерлігі теріскейліктерден түсіпті. Көп болып көрінбегенімен тұрғындар саны аз аймақ үшін бұл жақсы көрсеткіш дейді өткен жылды қорытындылаған мамандар.

Келесі жылдан бастап Қазақстанда міндетті әлеуметтік-медициналық сақтандыру іс жүзінде енгізілетін болады. Елімізде бұл жүйеге дайындық бірнеше жылдың көлемінде пысықталып келген еді. 50-ден астам мемлекеттің тәжірибесіне негізделген жоба тұрғындар мен республика аумағында тұрақты өмір сүретін шетелдіктерді денсаулық сақтау саласындағы бірқатар қызмет түрлерімен қамтамасыз етуді көздейді. Бұл ретте мамандар медициналық көмек түрлеріне байланысты екі базалық пакет ұсынып отыр. Оның барлығы бірдей ақысыз болады деп те айта алмаймыз. 2020 жылдан көрсетілетін бұл қызметтерге қаражат аударуды қазақстандықтар 1,5 жыл бұрын бастап кеткен болатын.

Рашида Иванова – “Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры” КЕ АҚ СҚОФ директорының орынбасары:

– 2017 жылдың шілде айынан бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына ел бойынша 133 млрд теңге көлемінде қаржы түскен. Оның 2,43 пайызы, яғни 3,2 млрд теңгесі – 24 мың теріскейліктің жасаған төлемі. Жалпы, заңға сәйкес аударымдарды өз қызметкерлері үшін жұмыс беруші жасауда. Биыл оның көлемі жалақының 1,5 пайызын құрап отыр.

Еске сала кетейік, 2018 жылдан бастап аталған қор тегін дәрі-дәрмекпен қамтуды қаржыландыру ретін «Алдымен тауар, кейін ақша» деген қағида бойынша өзгерткен еді. Яғни, азамат тиісті препаратын қолына алғаннан соң ғана ұйым оның құнын төлейді. Осындай жаңашылдықты пайдаланып, жүйені айналып өтпек болған дәрі беру нысандары табылыпты. Заңбұзушылық жыл соңында өткізілген мониторинг барысында анықталды.

Рашида Иванова – “Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры” КЕ АҚ СҚОФ директорының орынбасары:

– 2018 жылдың соңында Денсаулық сақтау министрлігі, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры және «СК-Фармация» серіктестігі бірлесіп қанатқақты жобаны қолға алды. Мониторинг барысында базаға енген 191 мың қазақстандыққа смс жіберілді. Хабарламада азаматтың қол жеткізген дәрісі мен күні жазылды. Жауап қайтарған тұрғындардың 441-і бұндай препаратты алмадық десе, 31 адам диспансерлік тіркеуде тұрмағандарын жеткізді.

Бұндай мониторинг алдағы уақытта да жүргізілетін болады. Шара әрбір ұйым атқарылып жатқан шаруаның адал екеніне көз жеткізуге мүмкіндік бермек.

Эльмира Садвокасова