МТРА жаңалықтары

Әкімдердің есеп беру кездесулері жалғасуда

Таза ауыз су тапшы. Мамлют ауданындағы Воскресеновка ауылының тұрғындары тіршілік көзінен тарығып отыр. Облыс орталығынан 50 шақырымнан астам жерде орналасқан елді мекен халқының мәселесі талайдан бері шешілмей келеді. Бүгін тұрғындар базыналарын аудан әкімінің міндетін атқарушы Рустам Ғаббасовқа жеткізді.

Өткен ғасырдың ортасында салынған Воскресеновка ауылындағы мәдениет үйінің қазіргі жай-күйі, міне, мынадай. Ғимарат ескіргенімен мұнда келіп, рухани азық алып қайтатындардың қатары азаймаған. Бүгіндері мәдениет ошағында үлкен бір мәселе туындап отыр. Мұндағы қазандық істен шығып, қазір нысан қосымша пеш арқылы жылытылуда.

Тамара Зиберт – Воскресеновка ауылдық мәдениет үйінің жетекшісі, Мамлют ауданы:

–  Өткен жылыту маусымына қазандық шыдас берді. Биылғы қауырт науқанда істемей тұр. Қазір біздер ғимаратты қосымша пеш арқылы жылытып жүрміз. Ал жалғыз пешпен аумағы 1 мың шаршы метрге жуық нысанды толық жылыта алмайсың. Мәдениет үйінде бірнеше ән, би үйірмелері, спорттық секциялар жұмыс істейді. Жиі концерттер ұйымдастырамыз. Ауыл тұрғындары белсенді.

Осы мәселені Тамара Зиберт аудан әкімінің міндетін атқарушы Рустам Ғаббасовтың есеп беру кездесуінде де көтерді. Өйткені, елді мекенге мәдени ошақ керек-ақ.

Рустам Ғаббасов – Мамлют ауданы әкімінің міндетін атқарушы:

– Мен бұл жағдайдан хабардармын. Алдағы уақытта негізгі қазандықты жөндеуге қаржы бағыттайтын боламыз.

Алдындағы малымен күнелтіп отырған ауылдағы ағайынды су мәселесі де алаңдатады. 800-ге жуық тұрғыны бар елді мекендегі мұнарадан берілетін тіршілік көзі күніне небәрі бір сағатқа – күндізгі 3-тен 4-ке дейін ғана қосылады екен. Оның өзінде кейбірі су алып үлгере алмайтын көрінеді.

Светлана Крутоус – Воскресеновка ауылының тұрғыны, Мамлют ауданы:

– Мен аудан орталығында жұмыс істеймін. Одан келгенше су алып үлгермейміз. Өзіміздің шағын құдығымыз бар. Ондағы су кір мен ыдыс аяқ жуудан қалмайды. Сол себепті, тіршілік көзін Мамлюткадан сатып алып келеміз. Жолдасым болса, кішкентай қызыммен отырады. Ал біздің 5 сиыр, 12 бұзау, тағы 40 шақты шошқамыз бар. Малды да суару керек. Ол үшін көлге барамыз.

Далада қандай темпаратура болмасын, Крутоустар отбасы ескі «Москвич»-ке мініп, шелек, бөшке, флягаларын артып көлге барады. Сөйтіп, кешкі 8-ден 10-ға дейін су тасып, малдарын суарады.
Ауыл тұрғындары бұл мәселе шешілсе екен деп отыр. Бірақ, аудан әкімінің міндетін атқарушы Рустам Ғаббасовтың берген жауабы көңіл көншітпеді.

Рустам Ғаббасов – Мамлют ауданы әкімінің міндетін атқарушы:

– Бұл сауалды қарастырып жатырмыз. Биыл бірнеше елді мекенге санация әдісі бойынша су жібереміз деп жоспарлап отырмыз. Яғни, суды ескі құбырларға диаметрі кішірегін орнату арқылы тартпақпыз. Бірақ, бұл мәселе әлі қарастырылу үстінде.

Есептік кездесуде тұрғындардан жазбаша өтініш те келіп түсті. Онда елді мекен халқы Воскресеновкада дәріхананың ашылуын сұраған.

Рустам Ғаббасов – Мамлют ауданы әкімінің міндетін атқарушы:

– Дәрі-дәрмекті сату үшін фармацевт қажет. Ал ондай маман бізде жоқ. Сондықтан, дәріхана ашу әзірге мүмкін емес. Ал жергілікті фельдшерлік пунктте қажетті препараттардың бәрі бар.

Бүгіндері Мамлют ауданында дәрігерлер де тапшы екен. Аудандық ауруханаға 12 маман қажет. Жалпы, Воскресеновка селолық округіне 3 елді мекен кіреді. Мұнда 1300-ге жуық адам тұрмыс кешуде.

Магжан Ахмадина