ТЖ

Жыл басынан қалада 6 өрт фактісі тіркелді

Небәрі 9 күн ішінде Петропавлда 6 бірдей өрт оқиғасы орын алды. Оның 4-уі жеке секторда тіркеліпті. Төтенше жағдайлардың дені қарапайым ережелерді елемегендіктен туындаған. Қазір мамандар қала тұрғындарына өрт қауіпсіздігі қағидаларын түсіндіру үшін рейдтік шараларды күшейтіп отыр.

Бұл – Жұмысшы кентінің Караванная көшесіндегі 110-шы үй. Мұнда желтоқсанның 28-інен 29-ына қараған түні өрт шыққан. Баспана иесі – 85 жастағы қария түтінді көре сала көшенің ар жағында тұратын туысына хабар беріпті. Абырой болғанда, қызыл жалын тек 1 шаршы метр еденді шарпыған. Сөйтсе, барлық бәле пештен келген екен.

Өрт оқиғасынан кейін тұрғын үй иесі пешті қалыпқа келтіріпті. Алайда, мамандар оның әлі де талапқа сай емес екендігін айтуда.

Ал Ойқала ықшам ауданындағы мына баспананың жайы мүлдем бөлек. Сымның тұйықталуынан пайда болған қызыл жалын тұрғын жай мен қасындағы моншаның күлін көкке ұшырған. Кешкі уақытта орын алған төтенше жағдай білдей бір отбасыны үйсіз-күйсіз қалдырды. Осындай оқыс оқиғалардың алдын алу үшін бүгінде төтенше жағдайлар бойынша басқарма мамандары рейдтерді күшейткен. Әсіресе, жеке сектор тұрғындарына пешті пайдалану туралы жадынамалар таратылып, оның жағдайына байланысты ескертулер жасалуда.

Владислав Радугин – қала тұрғыны:

– Өткен жылы қыс ортасында үйдегі пеш істен шығып қалды. Дереу жөндедік. Жаз мезгілінде де барлығын тексеріп, тазардық. Мұндай іске бей-жай қарауға болмайтыны анық.

Өрт оқиғаларының басым бөлігі қарапайым ережелерді ескермегендіктен орын алады екен. Мәселен, 2018 жылы қала бойынша 200-ден аса факті тіркелсе, оның дені пеш пен газ баллондарын дұрыс пайдаланбаудан туындаған.

Жанат Жұмажанов – Петропавл қалалық ТЖ бойынша басқармасының инженері:

– 2019 жылдың басынан шаһар бойынша 6 өрт оқиғасы тіркелді. Оның 4-уі жеке секторда орын алды. Зардап шеккендер жоқ. Материалдық шығын 1 млн теңгені құрайды.

Рейдтік шаралар жылыту маусымының соңына дейін жалғаспақ.

Эльмира Садвокасова