МТРА жаңалықтары

Облыс әкімі қаладағы құрылыс жұмыстарымен танысты

Өңірде тас қалаушылар мен әрлеуші мамандар жетіспейді. Оған қоса кірпіш, цемент сынды дүниелер де тапшы. Аталған мәселені шешу үшін биыл теріскейде құрылыс материалдарын әзірлеуге көп көңіл бөлінбекші. Бұл жайлы шаһарда тұрғызылып жатқан нысандарды аралап, шаруа барысымен танысқан облыс әкімі Құмар Ақсақалов мәлімдеді.

Тас пен құм үйіліп жатқан мына жерде тура 8 айдан соң қазақ театры пайда болады. Нақтырақ айтсақ, «Жас өркен» ықшам ауданында 500 орындық су жаңа мәдениет ошағы халық игілігіне беріледі. Айта кетейік, нысанды тұрғызу жұмыстары өткен жылдың қазанында басталды. Әзірге, мамандар қиыршық тас жабындысын даярлап қойыпты. Ал ағымдағы айдың 20-сында бетон құю жоспарлап отыр. Ғимараттың салыну барысымен танысқан өңір басшысы Құмар Ақсақалов театрға келешекте заманауи қондырғылар сатып алынатындығын айтты.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Кестеге сәйкес құрылыс жұмыстары қыркүйек айының басында аяқталады. Жоба тиісті сараптамадан өтіп, бекітілді. Қаржы да қолдарыңызда. Сондықтан, ешқандай проблема болмауы қажет. Оған қоса, құрылыс алаңында біздің жергілікті мамандар жұмыс істегені абзал. Олармен еңбек келісімшарттары дұрыс бекітілсін. Осыған аса мән беріңіздер.

Ал мынау – Жас өркенде салынып жатқан жаңа мектеп. 900 оқушыға шақталған оқу ошағы 1-ші қыркүйек күні есігін айқара ашпақ. Ғимараттың дәлізі кең, кабинеттері жарық болады. “Мұның бәрі шәкірттерге білім алу қолайлы болу үшін жасалып жатыр”- дейді іске жауапты компания басшысы.

Султан Газдиев – «Севимсталькон» ЖШС директор:

– Мектеп 3 блоктан тұратын болады. Қазіргі уақытта “В” қорабы дайын. Ал “А” және “Б” қорабындағы іс 50 процентке аяқталды. Жалпы, біз қысқы уақытта нысанның қаңқасын түпкілікті тұрғызамыз. Кейін, күн жылынғасын ішкі бөлу, абаттандыру жұмыстарын тындырып, инженерлік желілерді тартамыз. Мұндай жаңа нысанда білім алу өте қолайлы болады.

Жас өркендегі құрылыс жұмыстары мұнымен аяқталмайды. Алдағы уақытта ықшам ауданды одан әрі көркейту жоспарланып отыр.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Келешекте Горький көшесінің 2-ші жағындағы жер үйлер де сүріледі. Ол жерде бірнеше көпқабатты баспаналар тұрғызылмақ. Жаңа пәтерлер тұрғындарға “7-20-25” бағдарламасы бойынша берілетін болады. Қазіргі таңда қаламызда аталған жоба аясында алғашқы ғимараттар тұрғызылды. Ондағы үйлерді иелену үшін азаматтардан 200-ге жуық өтініш түсті. Бүгінде сол өтінімдер қаралып жатыр.

Бүгін Құмар Ақсақалов «Береке» ықшам ауданында да болды. Мұнда 600 орындық мектеп тұрғызылып жатыр. Әңгіме барысында өңір жетекшісі биыл Уәлиханов көшесінде де жаңа білім ұясының құрылысы басталатындығын айтты. Бұның себебі мынадай: соңғы жылдары облыста оқушы саны артқан екен. Мәселен, былтыр 1-ші сыныпқа 9 мың бала барыпты. Бұл 2017-дегіден 1400 шәкіртке көп.

Дмитрий Женченко – «Зерттеу СК» ЖШС директоры :

– “Береке” ықшам ауданындағы мектептің құрылысы өткен жылдың мамыр айында басталды. Нысанды тамыздың 1-і күні тапсыруды жоспарлап отырмыз. Осы күні ғимаратты салуға 60-қа жуық адам тартылған. Олар 2 блоктағы жұмысты толығымен аяқтады. Бір бөлігіндегі істі 60 процентке тындырды. Құрылыс кезінде ешқандай проблема туындап жатқан жоқ.

Жалпы, Берекедегі заманауи мектептің құны 1,6 млрд теңгеден асады. Ал мына нысан жерлестеріміздің игілігіне таяу арада беріледі. Дәлірек айтсақ, Жуков көшесіндегі 79 пәтерлі көпқабатты үйдің құрылысы қаңтардың соңында аяқталады. Мұндағы баспаналардың әр шаршы метрі 140 мың теңгені құрайды.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Бұл үй “7-20-25” бағдарламасы бойынша тұрғызылып жатыр. Тағы, аталған жоба аясында Береке және Жас өркен ықшам аудандарында көпқабатты баспаналар бой көтеруде. Мемлекеттің осындай қолдауы аясында пәтер алғысы келетін жандардың саны өңірімізде баршылық.

Жалпы, биыл жаңа бағдарлама бойынша 500 солтүстікқазақстандық отбасы үй алатын болады. Тағы, жоба аясында мемлекеттік қызметкерлердің алғашқы жарнасын субсидиялау қарастырылған.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Мемлекеттік қызметкерлер үшін бюджеттен 200 млн теңгеге жуық қаржы қарастырып қойдық. Ол ақшамен 200 адамның алғашқы жарнасын 50 пайызға дейін төмендетеміз. Бұл да үлкен көмек.

Өткен жылы теріскейде 1600 пәтер пайдалануға беріліпті. Биыл бұл көрсеткіш 1780 жететін болады. Сөз соңында аймақ басшысы құрылыс саласындағы өзекті мәселелерге де тоқталды. Облыс әкімінің айтуынша біздің өңірде тас қалаушылар мен әрлеушілер жетіспейді екен. Сол себепті, мамандарды өзге жақтардан тартуға мәжбүрміз. Тағы бір проблема – ғимараттарды тұрғызуға арналған материалдардың жоқтығы. Қазір кірпіш, цемент, қиыршық тасты басқа аймақтардан сатып аламыз. Құмар Ақсақалов бұл мәселені шешу үшін биыл өзімізде құрылыс материалдарын әзірлеуге ерекше көңіл бөлінетіндігін мәлімдеді.

Култанов Байболат