Білім

М.Қозыбаев атындағы СҚМУ жоғарғы медицина мектебінде 186 студент білім алуда

Терапевттер, хирургтар, педиатрлар және жалпы практика дәрігерлері. Қыркүйектен бері М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-інде аталған бейіндер бойынша кадрлар даярланып жатыр. Оқу ордасындағы жоғарғы медициналық мектепте қазір 186 студент білім алады екен. Олардың 80-ге жуығы – үндістандық жастар. Бұдан бөлек, бүгінгі таңда 13 бірдей медицина бакалавры жергілікті ауруханаларда интернатурадан өтіп жүр.

Саят Ермек – тілші:

– Теріскейде ақ халаттылар тапшы. Қазір өңірде 140-тан астам дәрігер жетіспейді екен. Солтүстік Қазақстандағы жалғыз университет базасындағы жоғарғы медициналық мектеп мәселені аз да болса шешуі тиіс. Қазір мұнда қазақ және орыс тілдерінде 108 студент бірінші курста білім алып жатыр. 70-ке жуығы – грант бойынша.

Ербол Исақаев – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ бірінші проректоры:

– Білім және ғылым министрлігінің тапсырысы бойынша 12 студент тегін білім алып жатыр. 35 жеткіншек Астана қаласының әкімі бөлген гранттар бойынша оқуға түсті. Ал СҚО әкімдігінің тапсырысы бойынша 21 студент тегін білім алуда. Ақылы түрде оқитындар жылына 609 мың теңге төлейді.

Бірақ, даярланып жатқан болашақ мамандардың саны былай тұрсын, сапасы қандай болмақ? Бүгінде студенттерге дәріс оқып, сабақ беруге өзге отандық университеттерден бөлек, шетелден мамандар шақырылып жатқан көрінеді.

Ербол Исақаев – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ бірінші проректоры:

-Оқу жылының басынан бері 8 шетелдік оқытушыны шақырдық. Олар АҚШ, Қытай, Литва, Польша мемлекеттерінен келді. Әрқайсысы 4 апта бойы біздің студенттерге дәріс оқыды. Бір шетелдік лекторға шамамен 1 млн 200 мың теңге жұмсалды. Тағы Иорданиядан 1 топ-менеджерді тарттық. Ол клиникалық жұмыстар жөніндегі проректор лауазымында отырып, медициналық мектептің жұмысын ұйымдастыруға көмектесуде.

Тағы өңірдің тәжірибелі деген практик дәрігерлері Қарағанды медициналық университетінде педагогикалық біліктіліктерін арттырып жатыр. Өткен жылы 8 ақ халатты ізбасарларына сабақ беруге машықтанып келген. Биыл Қарағандыға тағы 10 маманды жөнелту жоспарда. Сондай-ақ, дәрігерлерді даярлауда үздік отандық ЖОО-лардың білім беру бағдарламалары пайдаланылмақшы. Жалпы, университет қабырғасында 5 жыл бойы білім алған студент “жалпы медицина бакалавры” атанады. Кейін ол бейінді таңдап, оқуын осында 2 жылдық интернатурада жалғастыра алады. Биылғы оқу жылында жоғарғы медициналық мектеп 13 интерн қабылдапты.

Әсет Ізденов – М.Қозыбаев атындағы СҚМУ жоғарғы медициналық мектебінің директоры:

– 6 терапевт, 6 педиатр және 1 жалпы практика дәрігері бізге интернатураға түсті. Бүгінгі таңда интерндер облыстық аурухана, облыстық балалар ауруханасы және 3-ші қалалық аруханада тәжірибеден өтіп жатыр. Сондай-ақ, отандық медициналық университеттерде бакалавриатты тәмамдап, интернатураны біздің оқу ордамызда өткілері келетіндер де баршылық.

Бірақ, мұнда дәрігерлік кәсіпті жерлес студенттер ғана емес, шетелдіктердің де меңгеріп жатқаны мәлім. Қазір оқу ордасы Үндістан Республикасының тапсырысы бойынша 78 үндістандық жасқа жоғарғы медициналық білім беріп жатыр. Олар білім қуып, Петропавлға келгелі 3 ай болды. Жалпы, бір студент үшін үнді мемлекеті жылына 850 мың теңге төлейді екен. Жалғыз Үндістан ғана емес, Ресей, Түркменстан және Грузиядан 3 азамат ақылы бөлімде оқып жатыр. Студенттер жететін, оқытушылар да бар. Енді материалдық-техникалық базаны нығайту қажет. Заманауи 3Д-симуляторлар, зертханалар мен қондырғыларға биыл университет шамамен 140 млн теңге жұмсамақшы. Тағы құрылысы 2021 жылы аяқталатын жаңа оқу корпусының 2 қабаты медициналық мектеп балансына берілмек.

 

Саят Ермек