Қоғам

Мүгедектердің ғимараттарға кіріп-шығуларына қаншалықты жағдай жасалған?

Өңірде мүгедектердің ғимарат ішінде қозғалуына жағдайдың жасалуын қадағалайтын мониторингтік топ жұмыс істейді. Бүгін ұйым мүшелері өткен жылы 300-ден астам нысанға жүргізген тексерістің қорытындысын талқылады.

Осыдан 2 жыл бұрын ғимараттарда кембағал жандардың қозғалуына қаншалықты жағдай жасалғанын бақылайтын мониторингтік топ құрылған болатын. Бұл уақыт аралығында қоғамдық жұмыс тобының мүшелері қала нысандарында 150-ге жуық тексеріс жүргізген екен. Жалпы, шаһарымызда мүгедектер үшін қажетті дүниелермен қамтылған 253 ғимарат бар.

Данияр Асылбеков, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің жетекшісі:

– 253 нысанның 58-і – білім, 18-і – денсаулық, 15-і – мәдениет, 9-ы – әлеуметтік, 13-і спорт кешені және тағы 13-і мемлекеттік мекемелерге тиесілі. Яғни, аталған ғимараттардың кіреберісінде пандустар мен арнайы көмекке шақыру тетігі орнатылған.

Алайда, аталған дүниелер ескерілмеген мекемелер де бар. Мәселен, “Абылай хан резиденциясы” мұражай кешені мен Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театры.

Игорь Коновалов – қала әкімінің мүмкіндігі шектеулі жандармен жұмыс жөніндегі кеңесшісі:

– Қазіргі таңда Н.Погодин атындағы облыстық орыс драма театрының залында мүгедек жандарға арналған орындар бар. Алайда, залға түсетін баспалдақтар тым төмен. Арнайы пандустар орнатылмаған. Сондай-ақ, санитарлық бөлме де қарастырылмаған. “Абылай хан резиденциясы” мұражай кешенінде де дәл сондай жағдай. Нысан директорларына ескерту жасалды. Егер осы жылы бұл мәселеге қаржы бөлінетін болса, аталған олқылықтар түбегейлі түзетілетін болады.

Жиында облыс әкімінің мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселесі жөніндегі кеңесшісі Светлана Бусыгина әуежайда да кембағал жандарға тиісті жағдайлар жасау қажеттігін тілге тиек етті.

Светлана Бусыгина, облыс әкімінің мүмкіндігі шектеулі жандармен жұмыс жөніндегі кеңесшісі:

– Біріншіден, әуежайда зағиптарға арналған арнайы белгілер қарастырылмаған. Екіншіден, ешқандай хабарландырулар жасалмайды. Бұның бәрін жуырда басқа қалаға ұшпақ болғанда білдім. Осыны ескерсеңіздер деймін.

Жалпы, осы жылы мониторингтік топ тағы 31 нысанға тексеріс жүргізуді жоспарлап отыр.

 

 

Молдир Шаяхмет