Қоғам

Илья Старухинге қатысты сот отырысы жалғасуда

Күздің басында автокөлігімен екі қызды қағып кеткен жігітке қатысты сот процесі жалғасуда. Бүгін Петропавл қалалық сотында өткен отырыста жәбірленушілердің бірі Илья Старухинмен бітімгерлікке келгенін айтты. Осылайша, бір эпизод бойынша іс аяқталды. Ал қайтыс болған Ксения Овсянниковаға қатысты сот отырысы кейінге шегерілді.

Бұл – атышулы іске қатысты өтіп жатқан осымен екінші отырыс. Алғашқысына жәбірленушілердің бірі Татьяна Балабан қатыспаған еді. Ал бүгін ол сотқа келіп, судьяның сұрақтарына жауап берді. Әңгіме қысқа болды. Өйткені, нәзікжанды Илья Старухинге еш шағымы жоқ екендігін жеткізді.

Татьяна Балабан – жәбірленуші:

– Маған қатысты істің жабылуына қарсы емеспін. Өйткені, айыпталушы тарап барлық материалдық, моральдық шығындарымызды өтеді. Менің ем-домыма қажетті қаражатты да берді. Сондықтан, Илья Старухинге айтар еш шағымым жоқ.

Осындай өтініштен соң судья кеңесу үшін сот залынан шығып кетті. 1,5 сағаттан астам уақыттан соң оралған ол бұл эпизодқа қатысты істің аяқталғандығын жеткізді.

Әсем Жаналина – Петропавл қалалық сотының судьясы:

– Татьяна Балабанның өтініші бойынша, яғни қос тараптың бітімгерлікке келуіне байланысты Илья Старухинге тағылған айып алынады. Сөйтіп, бұл эпизод бойынша іс аяқталды. Ал Ксения Овсянниковаға қатысты іс жалғасын табатын болады. Бұл эпизод бойынша Илья Старухинге жол қозғалысы немесе көлікті пайдалану ережелерінің бұзылуынан абайсызда адам өліміне әкеп соғу және жол-көлік оқиғасы орын алған жерді тастап кету фактілері бойынша айып тағылуда.

Судья өз шешімін оқып болған соң сот процесі жалғасын табуы тиіс еді, тіпті бірнеше куәгер де шақыртылған болатын. Алайда, жәбірленуші тарап, яғни Павел Овсянниковтың – бұл марқұмның бұрынғы күйеуі, заңды өкілі болмағандықтан отырыс кейінге шегерілді. Келесі сот процесі қаңтардың 15-і күні өтеді деп жоспарланған.

Магжан Ахмадина