Құқық қорғау органдары

Жамбыл көшесінің бойына жаңа бағдаршам мен жол белгісі орнатылды

Темір тұлпар тізгіндегендердің назарына! Қаңтардың 4-інен бері Жамбыл көшесінің “Жас Өркен” ықшам ауданындағы бөлігінде жаңа бағдаршам жұмыс жасап тұр. Жол қозғалысын реттейтін құрылғыдан бөлек мұнда көліктерге Оқушылар сарайының аумағына өту үшін дәл алдынан бұрылуға тыйым салатын белгі де орнатылыпты.

Саят Ермек – тілші:

– Осыдан бірнеше күн бұрын Оқушылар сарайы мен Теннис орталығының арасындағы Жамбыл көшесінің бойында жаяу жүргіншілерге арналған тетігі бар жаңа бағдаршам мен жол белгісі орнатылды. Бұл белгі бойынша енді көліктерге Оқушылар сарайының аумағына орталық бұрылыс арқылы кіруге болмайды. Ғимарат аумағына кіру үшін менің оң жағымдағы және сол жағымдағы қосымша бұрылыстарды пайдалану қажет.

Бағдаршам да, бұрылысқа тыйым салатын белгі де бұл аумақтағы көлік қозғалысын барынша қауіпсіз ету үшін орнатылған. Себебі, мұнда балалар көп жүреді. Сондай-ақ, ереже бойынша жүргінші жолағынан бұрылуға болмайды. Бірақ, алаңғасарлық танытып, белгіге назар аудармай, ережені бұзатын темір тұлпар иелері баршылық. Сондықтан, аумақтағы жол қағидаларының сақталуы – жол полициясы қызметкерлерінің жіті бақылауында.

Ербол Әбікеев – Петропавл қалалық ПБ әкімшілік полиция бөлімінің мемлекеттік автоинспекторы:

– Оқушылар сарайына бұрылуға тыйым салатын белгінің талаптарын бұзған жүргізушілерге әкімшілік хаттама толтырылып, 3 АЕК, яғни 7525 теңге көлемінде айыппұл салынады.

Алаңғасарлығының салдарынан айыппұлды қала тұрғыны Заур Сайдашев та төлейді. Бірер күн бұрын орнатылған жол белгісін 2 жылдық тәжірибесі бар жас жүргізуші байқамаса керек. Бірақ, білместік жауапкершіліктен босатпайды.

Заур Сайдашев – қала тұрғыны:

 – Бағдаршамның жасыл түсі жанып тұрған соң бұрыла жөнелдім. Тыйым салатын белгіні көрмей қалдым. Жол полициясының қызметкерлері хаттама толтырып, айыппұл салды. Амал нешік, төлеймін. Кінә өзімнен.

Жаяу жүргіншілердің де құлақтарына алтын сырға. Енді бұл учаскеде жолды кесіп өту үшін жасыл сигналды жандыратын бағдаршам бағанасындағы тетікті басу қажет.

Саят Ермек