Денсаулық сақтау

Облыс бойынша тұмаудың 5 жағдайы тіркелген

Ауырып ем іздегенше, ауырмаудың жолын ізде. Ағымдағы эпидемиологиялық кезеңді мамандар бірқалыпты деп бағалауда. Себебі, осы аралықта тұмаудың бар-жоғы 5 фактісі тіркеліпті. Жедел респиратОрлы вирустық инфекцияның көрсеткіші де нормадан төмен. Дегенмен, ақ халаттылар бұл сандар ертең-ақ күрт өсуі мүмкін дейді.

Эпидемиологиялық маусым басталғалы, яғни қазанның 1-ші жұлдызынан бері облыс бойынша жедел респираторлы вирустық инфекцияның 12 мың фактісі тіркеліпті. Науқастардың 94 пайызы – Петропавл қаласының тұрғындары. Көрсеткіш көп болып көрінгенімен, әзірге алаңдауға себеп жоқ. Мамандардың сөзінше, бұл бақылау деңгейінен әлдеқайда төмен.

Керісінше, өткен жылмен салыстырғанда ауырғандардың саны 15 пайызға төмендепті. Ал, тұмаудың өзіне келер болсақ, сырқаттанғандардың саны бар-жоғы 5-еу ғана. Көрсеткіштің кемуіне тұрғындардың вакцинаға деген көзқарасының өзгеруі де себеп болған көрінеді. Қазір солтүстікқазақстандықтар жоспарлы екпені уақытында алып, инфекциядан қорғанудың барлық жолдарын қарастырады екен.

– Мен өзім емханаға барып екпе алып отырамын. Осы жылы әлі бір де бір рет ауырған жоқпыз.

– Зайыбым екеуміз жыл сайын вакцина алып отырамыз. Сондықтан, соңғы рет қашан ауырғанымды есіме де түсіре алмаспын.

– Мен мектепте мұғалім болып жұмыс істеймін. Екпені уақытында алып тұрамын. Ұлым да әлі оқушы. Сондықтан, вакцинаны жыл сайын қойғызып отырамыз.

Алайда, ертең-ақ ауырғандардың қатары күрт өсуі де мүмкін. Себебі, мектеп демалысы аяқталып, оқушылар сабаққа кіріседі. Сондықтан, жедел респираторлық вирус пен басқа да инфекциялардан корғану үшін дер кезінде вакцина алу қажет. Әдетте, шара тұмаудың эпидемиялық кезеңіне дейін жүргізіледі екен. Бірақ, әлі де кеш емес.

Фарида Мұхамеджанова – СҚО қоғамдық денсаулық сақтау департаментінің бөлім басшысы:

– 2018 жылы аталған мақсатқа облыс бюджетінен 52 млн теңгеге жуық қаражат бөлініп, 60 мың теріскейлік тегін екпемен қамтылған. Вакцина ең алдымен қауіп-қатер тобына кіретін адамдарға қойылды. Тиісті препарат 20 мыңға жуық жеткіншекке егілді. Қазір иммундау шарасы қалалық және аудан орталықтарындағы емханаларда ақылы түрде жүргізіліп жатыр.

Дене температурасының көтерілуі мен жөтел. Ақ халаттылар тұмаудың бұл белгілерін байқасаңыздар, бірден дәрігердің көмегіне жүгіну керектігін ескертуде. Ол үшін, тіпті, емханаға бармай-ақ, маманды үйге де шақыру мүмкіндігі қарастырылған. Себебі, диагнозды анықтап алмай, ем-дом шараларын тағайындауға болмайды.

Эльмира Садвокасова