Аптадағы маңызды жаңалықтар

Әкімдер халық алдында есеп беріп жатыр

Елімізде қаңтардың 4-ші жұлдызынан бастап түрлі деңгейдегі әкімдер тұрғындар алдында есеп беріп жатыр. Осыған орай бүгін Қызылжар ауданына қарасты Налобин ауылдық округінің басшысы халықпен жүздесті. Гайдукова елді мекенінде ұйымдастырылған шарада 2018 жылы атқарылған шаруалар сөз болды. Оған қоса жиында селодағы адамдардың базынасы тыңдалып, өтініштері мен шағымдары қаралды.

Қызылжар ауданына қарасты Налобин ауылдық округінің құрамына 5 село кіреді. Соның бірі – Қазақстан мен Ресей арасындағы мемлекеттік шекарадан 5-ақ шақырым жерде орналасқан Гайдуково. Мұнда қазір 21 үй бар. Тұрғындардың саны болса бар-жоғы – 58 адам. Бүгін елді мекенде ауылдық округтің басшысы Людмила Малкова халық алдында есеп беру кездесуін өткізіп жатыр.

Людмила Малкова – Налобин ауылдық округінің әкімі, Қызылжар ауданы:

 – Өткен жылы ұйымдастырылған есептік кездесуде ауылдық округ тұрғындары тарапынан 4 сұрақ жолданды. Соның барлығы оң шешімін тапты. Мәселен, былтыр Николаевка селосында тұратын зейнеткер ауыз су елді мекенге тұрақты түрде әкелінбейтіндігін айтқан болатын. Тағы, Дубровноедағы азаматша ауылда мүлде ішетін тіршілік нәрі жоқ деп шағымданды. Аталған меселелерді бақылауымызға алып, біржақты еттік.

Дегенмен, талай жылдан бері күрмеуі шешілмеген күрделі мәселелер де баршылық. Солардың ішіндегі ең өзектісі – Налобино мен Гайдуково ауылдары арасындағы грейдер жолдың сапасы болып отыр. Кездесуге келген тұрғындар 14 шақырымды құрайтын учаскеге асфальт төсеу қажеттігін жеткізді. Ондай жөндеу жасалмаса көктемде қатынау қиынға соққалы тұр екен. Жерлестеріміздің бұл сұрауы орындалмақ. Алдағы жазда жол қалыпқа келтіріледі екен.

Людмила Малкова – Налобин ауылдық округінің әкімі, Қызылжар:

– Мен өткен жылы жолдың нашарлығы жайлы СҚО әкімдігінің жолаушылар көлiгi және автомобиль жолдары басқармасына жеткіздім. Сонда аталған ведомстводан оң жауап алдық. Олар алдағы уақытта Налобино мен Гайдуково ауылдары аралығына орта деңгейдегі жөндеу жұмысын жүргізілетіндігін мәлімдеді.

– Сонымен қатар, елді мекендегі ағайын ауылішілік жолдың да сапасы мәз емес екендігін айтады. Дегенмен қазір ой-шұқырлар көрінбейді. Өйткені маңайды қар басып жатыр. Бірақ та село тұрғындары мұндағы көшелерге міндетті түрде тас төсеу керек дейді. Әйтпесе жүру мүмкін емес дейді. Тағы ауылдың барлық бөлігіне жарық шамдары орнатылмапты.

Былтыр ауылдағы негізгі көше бойына жалпы құны 420 мың теңге болатын 10 фонарь қойылыпты. Ал шет жақтарға қаржының жетіспеушілігіне байланысты шам орнатылмаған екен. Тұрғындар осы мәселені де көтеріп, селоның барлық бөлігін жарықпен қамтуды сұрады. Тағы, кездесуде Александр Елисеев қаладан жеткізілген нанның сапасына көңілі толмайтындығын жеткізді.

Александр Елисеев – Гайдуково ауылының тұрғыны, Қызылжар ауданы:

– Ауылға әкелінетін нанды жеу мүмкін емес. Оның бір жағымсыз иісі бар. Әрі тез үгіледі. Сондықтан ас атасын әзірлейтін басқа бір ұйыммен келісімге келу керек сияқты.

Бұл сұраққа Қызылжар ауданы әкімінің орынбасары Алма Нұрғалиева жауап берді.

Алма Нұрғалиева – Қызылжар ауданы әкімінің орынбасары:

 – Бұл проблеманы шешу үшін ауыл тұрғындарын “Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту” бағдарламасы аясында 1 ай оқуға шақырамын. Яғни, сіздер мемлекет қолдауының арқасында наубайшы мамандығын меңгеретін боласыздар. Кейін, селода шағын наубайхана ашуға мүмкіндік бар. Осылайша сапалы нанды өздеріңіз пісіріп, тұтынатын боласыздар.

Дегенмен ауылдық округте мемлекет қолдауына жүгінгендердің саны өте аз. Мәселен, былтыр 1 адам несие рәсімдеп, мал сатып алыпты. Бұдан бөлек, жиында тұрғындар балық аулау үшін төленетін ақыны бір нормаға келтіруді сұрады. Олардың айтуынша әр көлге қармақ салу құны түрліше екен. Жалпы, Қызылжар ауданында барлық деңгейдегі әкімдердің есептік кездесулері қаңтардың 18-іне дейін жалғасады.

Култанов Байболат