Қоғам

Христиан қауымы Рождество мерекесін қарсы алды

Қаңтардың 7-сі Православ сеніміндегі христиандар ізгі мерекелердің бірі – Рождество Христово мейрамын атап өтті. Бұл күні діншіл қауым шіркеуге барып, Құдайға құлшылық жасады.

Қаңтардың 7-сін жылма-жыл әлемнің түкпір-түкпірінде млн-даған адам көз ілмей қарсы алады. Себебі, бұл күні православ сеніміндегі христиандар үшін ең ерекше мерекелердің бірі – Рождество аталып өтіледі. Барша қауым мейрамды шіркеуде құдайға құлшылық жасап қарсы алады. Биыл да Вознесения Господня соборына жиналғандардың қарасы қалың. Еңбектеген баладан еңкейген қарияға дейін келгендерді ізгі мейраммен облыс басшысының атынан орынбасары Асқар Сақыпкереев құттықтады.

Асқар Сақыпкереев – СҚО әкімінің орынбасары:

– Барша православ сеніміндегі христиандарды шын жүректен мерекемен құттықтаймын. Сүйіспеншілік, бейбітшілік, рақымшылық пен кешірімнің символына айналған мейрамда әр отбасыға бақыт пен береке тілеймін.

Рождество Христовоға дейін православ сеніміндегілер 40 күн бойы ауыз бекітеді. Бұл рәсім халықтың рухани түрде ойы мен жанын тазартуға бағытталған.

Владимир – Петропавл және Булаев епархиясының епископы:

– Рождество – православ сеніміндегі христиандардың ұлы мерекелерінің бірі. Жаңа жылда әрбір адам өзінің отбасына, жан дүниесіне, қоғамға бейбітшілік пен келісімде өмір сүру үшін тыныштық әкелуге тырыссын.

Рождество мейрамының тарихы тереңде жатыр. Мерекені православтар Иисус Христостың дүниеге келуімен байланыстырады. Дінге сенушілер шіркеуге барып, дұға оқытып, құдайға құлшылық етеді. Мереке қызықты дәстүр мен ерекше салтқа толы. Әр жанұя мүшелері дастархан басына жиналып, бір-біріне ізгі тілектері мен жылы сөздерін білдіреді. Отбасылық тағамдарын дайындап, түннің бір уағына дейін көз ілмейді.

– Жаңа ғана Құдайға құлшылық ету рәсіміне қатыстым. Шыны керек, қатты толқып тұрмын. Қазақстандықтарды ерекше мейраммен құттықтап, бар жақсылықты тілегім келеді.

– Шіркеуге қызыммен бірге келдім. Қазір үйге барып, нағыз жанұялық мейрамды отбасымызбен қарсы алмақпыз.

Сағат кешкі онда басталған құдайға құлшылық ету рәсімі түнгі 3-ке дейін жалғасты.

 

Эльмира Садвокасова