Спорт

Екінші матчта “Құлагер” елордалық “Номад” құрамасын тізе бүктірді

Шайбалы хоккейден Қазақстан Республикасының ашық біріншілігі жалғасуда. Қаңтардың 6-сы мен 7-сі күндері “Құлагер” өз алаңында елордалық “Номад” құрамасын қабылдады. Алғашқы ойында астаналықтар айдын иелерін 3:5 есебімен тізе бүктірген болатын.

Биылғы хоккей маусымын жақсы бастаған “Құлагер” командасы соңғы бірнеше матч бойы жеңіліс тауып келді. Бұған себеп болған құрама ойыншыларының жаппай жарақат алып қалуы және осыған орай команда құрамында орын алған ауқымды өзгерістер дейді бас бапкер Олег Гущин.

Олег Гущин – “Құлагер” ХК бас бапкері:

– Негізгі қақпашымыз Андрей Янков аяғын жарақаттап алды. Енді ол маусым аяғына дейін өнер көрсете алмайды. Тағы бір негізгі қақпашы Сергей Летуновский құрама сапынан кетті. Виктор Луговской мен Станислав Логинов сынды ойыншылар да жарақаттанған. Осы жайттардың салдарынан команда қиын күндерді бастан кешірді. Құрама сапына рудныйлық “Горняк”-тан Филипп Святына есімді шабуылшы мен Дмитрий Хозяшев есімді қақпашыны алдық. Бүгін олардың “Құлагер” құрамындағы алғашқы ойындары.

Құрам орнығып, негізгі қақпашы табылған соң көп күттірмей құлагерліктер өз жанкүйерлерін қуантты-ау әйтеуір. Бір күн бұрын елордалық “Номад”-қа қарсы өткізген алғашқы ойында 3:5 есебімен жеңіліс тапқан петропавлдық хоккейшілер қарымта кездесуде қарсыласынан басым түсе білді. Алғашқы кезеңді қос құрама тең бастаған еді. Бірақ, периодтың аяғына 7 минут қалғанда “Номад”-тың 2 бірдей ойыншысы ереже бұзып, айып орындығына отырды. Алаң иелері бұл сандық басымдықты сәтті пайдаланып, 2 минуттың ішінде қонақ қақпаға екі бірдей шайба дарытып үлгерді. Бірінші болып 24-ші нөмірлі шабуылшы Денис Стасюк ерекшеленсе, екінші шайбаны Алексей Грищенко салды.

Екінші периодта бір де бір шайба соғылмады. 20 минут бойы қарсыластар бір-бірінің қақпаларынан саңылау таба алмады. Ал үшінші – шешуші периодтың 6-шы минутында қонақтар есеп айырмасын қысқартты. “Құлагер” сапына жаңадан қосылған қақпашы Дмитрий Хозяшевтан “Номад” шабуылшысы Валерий Гурин айласын асырып кетті. Бірақ, бұл сәтті соққы “Номад”-тың жағдайын оңалтқан жоқ. Араға 1,5 минут салып құлагерлік Илья Ахметов есепті 3:1-ге жеткізді.

Осылайша, “Құлагер” сәтсіздіктер сериясын бұзды.

Ильгиз Нуриев – “Құлагер” ХК капитаны:

– “Номад”-пен өткізген алғашқы ойында төрешілер қателікке бой алдырды деп санаймыз. Біздің қақпаға салынған екі шайба есепке алынбауы тиіс еді. Бірақ, бұған қарамастан қарымта кездесуде күш жинап, командалық ойын көрсете білдік. Жаңадан келген жігіттермен тез тіл табысып, жеңіске бірге қол жеткіздік.

Бірақ, өкінішке қарай, бұл жеңіс петропавлдық құраманың шайбалы хоккейден ҚР ашық біріншілігінің турнирлік кестесіндегі жағдайын оңалта қоймады. Жеңісті кездесулерге қарағанда жеңілістер мен тең ойындардың саны басымырақ.

Саят Ермек – тілші:


– “Бұл “Құлагер”-дің осы маусымдағы 40-шы ойыны және небәрі 16-шы жеңісі. Осылайша, біріншіліктің турнирлік кестесінде қазір теріскейлік құрама 10 команданың ішінен небәрі 7-ші орынды қанағат тұтып отыр. Келесі матчты “Құлагер” сырт алаңда, павлодарлық “Ертіс”-ке қарсы қаңтардың 11-і мен 12-сі күндері өткізбек.

 

Саят Ермек