Қоғам

Аялдамалар маңы көктайғақ

Абайлаңыз көктайғақ! Көшелер мен жаяу жүргіншілер жолына құм төселмейді. Аялдамалар маңы тіптен мұз айдынына айналған. Тұрғындар коммуналдық мекемелердің қызметіне осылай деп шағымдарын айтуда.

Мағжан Ахмадина – тілші:

– Бүгіндері жаяу жүргіншілер үшін діттеген жерге жету үлкен бір сынға айналғандай. Көшелер тайғақ, оның үстіне, бұрынғыдай жолға құм да жиі төселе бермейді. Сондықтан көп жерлерде абайлап жүрмесең болмайды.

Мұндай жағдай әсіресе қарияларға қиындық тудыруда. Олар аялдамалар маңы тіптен тайғанақ дейді. Тайып жығыламыз деп қорқып, автобусқа әрең жақындайтын көрінеді.

– Көшеде ақырын жүрмесең, шалқаңнан түсесің. Аялдамалардың маңы үнемі мұз боп жатады. Қар да дұрыс тазаланбайды.

– Жаяу жүргіншілер жүретін жолдар өте тайғақ болғандықтан өзіме арнайы етік сатып алдым. Былтырлары коммуналдық қызметтер жолға жиі құм төсейтін еді, биыл жұмыс сылбыр жүріп жатқан сияқты.

– Автобусқа кіріп-шығу қиын. Қоғамдық көлік тоқтайтын жерлер мұзға айналған. Кейде автобустардың өздері сырғып келіп әрең тоқтайды.

Бір сөзбен айтқанда, коммуналдық қызметтердің жұмысына тұрғындардың көңілі толмайды. Ал олардың тарапынан шаруа уақытылы әрі тиісті деңгейде атқарылып жатыр дейді.

Әсем Айтолла – Петропавл қалалық ТҮКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы :

– Қаланы, көшелерді, жаяу жүргіншілер жүретін жолдарды тазарту үшін әр ауысым сайын 50 техника шығарылады. Олар түнгі 11-ден таңғы 5-ке дейін жұмыс жасайды. Көктайғаққа қарсы бізде құм-тұз қоспасы мен «Ледоруб» қоспалары қолданылады. Биылғы қысқа құм-тұз қоспасының 2,5 мың куб дайындалған.

Жалпы, қаланы тазарту жұмыстарымен 8 кәсіпорын айналысады. Олардың қарамағында 160-тан астам техника бар.

Магжан Ахмадина