Қоғам

16 жасқа толмаған балалардан да паспорт талап етілуі мүмкін

Шетелге шығу үшін алдағы уақытта 16 жасқа толмаған балалардан да паспорт талап етілуі мүмкін. Сондай-ақ, осы жылдан бастап Қазақстанда АЕК мөлшерінің артуына байланысты паспорт, жеке куәлік сияқты құжаттарды рәсімдеу үшін төленетін мемлекеттік баж сомасының құны жоғарылады.

Жаңа жылдан бастап Қазақстанда АЕК мөлшері 120 теңгеге өсіп 2 525 теңгені құрады. Сол себепті, паспорт, жеке куәлік сияқты құжаттарды рәсімдеу үшін төленетін мемлекеттік баж сомасының құны да көтеріліп отыр.

Ермек Нұсырбаев – СҚО ПД көші-қон қызметі басқармасының халықты құжаттандыру және ішкі көші-қонды бақылау бөлімшесінің бастығы:

– Бүгінгі таңда төлқұжатты рәсімдеу құны – 8 АЕК, яғни 20200 теңгеге жетті. Бұрын бұл сома 19240 теңгені құрайтын. Онымен қоса, жеке куәлік үшін мемлекеттік баж сомасы да өзгерді. Енді оның құны – 505 теңге.

Әдетте төлқұжат пен жеке куәлік 15 жұмыс күні ішінде рәсімделеді. Алайда, құжаттарды жеделдетіп жасау үшін қосымша тағы 1116 теңге баж салығын төлеп, 7 жұмыс күнінде дайын түріне қол жеткізуге болады. Ал құжаттарын 3 пен 5 күн ішінде алғысы келетіндер үшін салықтың мөлшері басқаша. Сондай-ақ, осы жылдан бастап 16 жасқа дейінгі балалар шетелге шығатын болса, олардан да төлқұжаттар талап етілуі мүмкін.

Ермек Нұсырбаев – СҚО ПД көші-қон қызметі басқармасының халықты құжаттандыру және ішкі көші-қонды бақылау бөлімшесінің бастығы:

– Бүгінде осындай заң жобасы әзірленіп жатыр. Қазіргі таңда 16 жасқа дейінгі балалардан паспорт талап ететін елдер қатары артып келеді. Бірақ, аталған жаңашылдық өз күшіне әлі енбегендіктен, ел тұрғындарына бұрынғыдай қызмет көрсетіле береді. Яғни, баланың суреті ата-анасының паспортына жапсырылып, олар шетелге төлқұжатсыз шыға алады.

Жалпы, өткен жылы облыс бойынша 19240 адамға паспорт рәсімделіпті. Айта кеткен жөн, бұл төлқұжаттар азаматтарға 10 жыл көлеміне беріледі.

 

 

Молдир Шаяхмет