ТЖ

Жыл басынан өңірде 601 өрт оқиғасы тіркелген

Жыл басынан өңірде 601 өрт тіркелген. Соңғы қайғылы оқиға Ғабит Мүсірепов ауданына қарасты Новоишим селосында орын алды. Қызыл жалынның салдарынан 84-ші жылғы азамат пен 5 жасар қыз көз жұмған. Бұл туралы төтенше жағдайлар департаментінде өткен баспасөз брифингінде айтылды.

Құтқарушылардың қысы-жазы уайымы бір – өзен-көлдерде шомылатындар мен мұз үстінде жүретіндердің амандығы. Сондықтан, төтенше жағдайлар департаменті күн сайын рейдтік шараларды ұйымдастырып, халыққа орын алуы мүмкін оқыс оқиға туралы хабарлайды. Алайда, мамандарға құлақ аспай, өзінің қауіпсіздігіне бей-жай қарайтындар аз емес. Мәселен, биыл облыс бойынша 13 адам өзен-көлдерде ажал құшқан. Олардың арасында ережені елемеген балықшылар, араққа сылқия тойып алған азаматтар мен қараусыз қалған балалар бар.

Виктор Держанский – СҚО ТЖД жедел-құтқару жасағы бастығының орынбасары:

– Қазір өте қауіпті мезгілдердің бірі. Су беті енді ғана қата бастады. Бүгінде өзендегі мұздың қалыңдығы – 5 см, ал көлдерде 8-9 см-ді құрайды. Алайда, оның үстіне шығуға қатаң түрде тыйым салынған. Себебі, құбылмалы ауа райының салдарынан ол морт сынып кетуі әбден мүмкін. Ал, қыс келіп, қақаған аяздардан кейін қалыңдығы 10 см мұз адамды көтере алады.

Қайткенде де, алдын-алу шаралары өз нәтижесін беруде. Күшейтілген профилактикалық жұмыстардың арқасында, қала бойынша суға кетудің бірде-бір фактісі тіркелмеген. Бұндай көрсеткіш соңғы жылдарда бірінші рет орын алып отыр. Ал, өрт оқиғасына келер болсақ, жағдай мүлдем басқаша. 2018 жылдың 3 наурызында құтқарушылардың қолынан жадынама алған Ғ.Мүсірепов ауданының тұрғыны, қарашаның 12-сінде өз үйінде араққа сылқия тойып алған күйі көз жұмған.

Денис Шуваев – СҚО ТЖД өрт қауіпсіздігі саласындағы бақылау және профилактикалық қызмет басқармасының бастығы:

–  Новоишим ауылындағы 3 қабатты үйдің 1 пәтері өртке оранды. Төтенше жағдай түс кезінде орын алған. Бұл уақытта үйде 1984 жылғы азамат пен 5 жасар қыз болыпты. Өрт сөндірушілерге хабар жеткеннен кейін, олар оқиға орнына 3 минутта жеткен. Өкінішке қарай, тұрғындардың екеуі де көк түтінге уланып қаза тауыпты. Анықталғандай, қызыл жалын электр жылытқышты дұрыс пайдаланбаудың салдарынан пайда болған. Пәтер иесі ішімдік ішкен күйі ұйықтап қалған. Оның денесі дәлізде, ал кішкентай қыз жуыну бөлмесінде табылды.

Жалпы, жыл басынан өңірімізде 601 өрт оқиғасы тіркелген. Олардың дені жеке секторда орын алған. Қызыл жалынның салдарынан 29 жерлесіміз көз жұмыпты.

Эльмира Садвокасова