Құрылыс

Петропавлда жаңа аудан бой түзеп жатыр

Петропавлдың іргесінде жаңа ықшам аудан бой түзеп жатыр. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша онда 211 баспана салынбақ. Бүгіндері үйлердің 72-сі дайын.

Бір жылдан сәл ғана астам уақыт бұрын мына жер жазық дала болыпты. Қазір мұнда тұтас бір ауыл бой түзеген.

Бір-бірінен айнымайтын 72 үйді «Зерттеу СК» серіктестігі тұрғызыпты. Айтпақшы, мына баспана алғашқылардың бірі болып, үлгі ретінде салынды. Сондықтан ішінде жиһаз да орнатылған. Әрине тек уақытша ғана. Қожайындары анықталған соң оларға баспана бос күйінде тапсырылады. Жобаның жалпы құны – 800 млн теңгенің маңайында.

Алексей Стучков – «Зерттеу СК» ЖШС учаске басшысы:

– Құрылыс жұмыстарын өткен жылы қыркүйек айында бастадық. Ағаштан салынған біртекті үйлердің аумағы – 70 шаршы метр. Осындай 3 бөлмелі баспаналардың бір жыл ішінде 72-сін тұрғыздық. Сырты заманауи қаптама – технониколь деген материалмен қапталған. Ал су, жарық желілерін баспанаға кіргізу үшін барлығы дайын.

Тек үйлер орталықтандырылған жылу желісіне қосылмаған. Есесіне, әр баспанада автономды түрде жұмыс істейтін қазандықтар орнатылыпты. Пешке отынды жиі сала бермейсің, бірақ ол ұзақ уақыт жылуды сақтап тұрады. «Зерттеу СК» компаниясы бұл жердегі жұмысын толығымен аяқтаса, қазір шаруаға «Құрылыс-Сервис-СК» серіктестігінің еңбеккерлері кіріскен. Олар 2020 жылға дейін тағы 139 баспананы тұрғызулары керек.

Александр Марлагин – «Құрылыс-Сервис-СК» ЖШС директоры:

– Біздер құрылыс жұмыстарын наурыз айында бастадық. Осы уақыт аралығында 9 үйді тапсырдық. Тағы 30-дан астамындағы шаруаны жыл соңына дейін аяқтаймыз. Біздегі баспаналар да біртекті болады. Тек олардың аумағы – 100 шаршы метрді құрамақ. Құрылыс жұмыстарына 100 адам жұмылдырылған. Жоба құны – 1 млрд 600 млн. теңгеден асады.

Сөйтіп, алдағы уақытта «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша Солнечный-2 ықшам ауданында 211 су жаңа баспана пайда болмақ. Айта кетейік, әр үйдің маңында қосымша 10 сотық жер қарастырылған.

Мәриям Мұқашева – Петропавл қалалық құрылыс бөлімінің сектор меңгерушісі:

– Аталмыш баспаналар жер учаскесін алауға кезекте тұрған қалалықтарға беріледі. Сондықтан әр үйдің бүгіндері қожайындары бар. Нәтижесінде кезек қысқаруда. Қазір мұнда қажетті инфрақұрылым желілері тартылып жатыр. Тұрғындардың алғашқы кезегі қоныс тойын 2019 жылы тойламақ.

Алдағы уақытта Солнечный-2 ықшам ауданына сауда орындары мен мектеп тұрғызу жоспарланған.

 

 

Магжан Ахмадина