Балалар

Петропавлда облыстық ғылыми-техникалық сайыс өтті

Шаһарда облыстық ғылыми-техникалық сайыс өтті. Оған Петропавл қаласы мен өңіріміздің 8 ауданынан келген 100-ге жуық оқушы мен студенттер қатысты. Байқауда үздік деп танылған жұмыс республикалық кезеңге жолдама алады.

Ұшақ, танк, робот, катер, трактор және қайық. Мұнда 10 бағыт бойынша дайындалған сан алуан жұмыстар жайғасқан. Олардың әрқайсысы үлкен еңбекпен жасалғаны көрініп-ақ тұр. Сайысқа Петропавл қаласы мен өңіріміздің 8 ауданынан жиналған 100-ге жуық үміткер қатысуда.

Ирина Колодаева – облыстық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығы директорының орынбасары:

– Ғылыми-техникалық сайыс 3 кезеңнен тұрады. Біріншісі – қалалық, екіншісі – облыстық, ал үшіншісі – республикалық. Бүгінгі сайыста үздік деп танылған туындылар келесі жылы республика деңгейінде өтетін байқауға жолдама алады. Әділ қазылар алқасы қатысушыларды жұмысының өзектілігі, жаңашылдығы, өнертабысты таныстыру шеберлігіне қарай 2-ден 5 балға дейін бағалайды.

Кенжебай Әділхан бүгінгі сайысқа мына роботты жасап әкеліпті. Ол қоқыс жинайды. 6-сынып оқушысы бұл пайдалы құрылғыны “Робототехника” үйірмесінде досымен бірге жинапты. Машина адамзатқа және қоршаған ортаға өз пайдасын молынан тигізбекші.

Әділхан Кенжебай – сайысқа қатысушы, Петропавл қаласы:

– Мына жерде қоқыс көбейіп қалса, бұл құрылғы іске қосылады. Кейін қоқыс контейнерге келіп түседі. Бұл туындыны досыммен бірге 2-3 сабақ ішінде жасап шықтық.

Ал мына жұмыс құрылыс саласындағы жобалардың қатарына жатады. Макетте вокзал, аэропорт, сауда үйі сияқты ғимараттар бейнеленеген. Ол үшін Есіл ауданының тумасы Николай Щербаков пенопластты пайдаланып, 3 айын сарп еткен.

Николай Щербаков – сайысқа қатысушы, Есіл ауданы:

– Менің жұмысымды болашақта кез-келген құрылыс барысында қолдануға болады. Жолаушылар біраз сергіп, демалуы үшін субұрқақ пен орындықтар жасадым. Тағы бір ерекшелігі – теміржол вокзалы мен әуежай бір жерде орналасқан. Бұл да сапарға шыққандарға ыңғайлы болады деп ойлаймын. Жалпы, осындай сайысқа бірінші рет қатысып отырмын.

Ғылыми-техникалық байқау осымен 15-ші жыл қатарынан өткізіліп отыр. Сондықтан, жыл сайын қатысушылардың саны артуда. Айта кеткен жөн, биыл олар өз жұмыстарын экология және табиғатты пайдалану бағыты бойынша да ұсына алды.

Молдир Шаяхмет