Аптадағы маңызды жаңалықтар

Мемлекеттік қызметтерді көрсету сапасы

Мемлекеттік қызметшілер заңды жіті білмейді, жер телімдерін беру туралы комиссия аудио және бейнеқұрылғылармен жабдықталмаған. Қалалық жер қатынастары бөліміне қызмет алу үшін келетіндер осы тектес олқылықтармен кезігеді екен. Аталған мәселелер ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі агенттігінің облыстық департаменті жанындғы ведомствааралық жұмыс тобының отырысында айтылды.

Қалалық жер қатынастары бөлімі 11 мемлекеттік қызмет түрін көрсетеді. Соның 7-уі бойынша тұрғындарға электронды үкімет порталы арқылы жүгіне алады екен. Жыл басталғалы мекеменің қызметін 1 мыңнан астам адам пайдаланған.

Қайрат Елеусізов – Петропавл қалалық жер қатынастары бөлімі басшысының орынбасары:

– Мемлекеттік қызметтер тегін көрсетіледі. Ал жер телімін беру не бермеу туралы шешім құжаттар тапсырылғаннан кейін 30 жұмыс күні ішінде беріледі. Бұл шаруаны жеңілдету үшін барлық ақпарат біздің бөлімдегі стендтерде жайғастырылған. Онда барлық арыз берушілер үшін стандарттар, қазақ және орыс тілдеріндегі өтініш үлгілері көрсетілген.

Осылай деген Қайрат Елеусізов баяндамасын бітірер-бітірместе, оған сауалдар қарша борады. Тіпті сұрақ емес, шағымдар көп. Тәжірбиелі заңгер Владимир Комаров ведомство жіберген барлық олқылықтарды жайып салды. Ең алдымен, мемлекеттік қызметші мақтана айтқан ақпараттық стендтер әкімдіктің дәлізінде емес, кабинетте орналасқан екен. Яғни, ондағы мәлімет тұрғындарға қолжетімді болмай шықты. Тағы бөлімде еңбек ететін мамандар заңды жіті біле бермейтін көрінеді.

Владимир Комаров – ПитерБест заңгерлік кеңсесінің жетекшісі, заңгер:

– Қалалық жер қатынастары бөліміндегі олқылықтар талон алғаннан басталады. Бұрын тапсырып қойған құжатты алуға барсаң да, олар сені ең алдымен консультантқа жібереді. Оның маған не керегі бар. Онда жалғыз адам ғана жұмыс істегендіктен үнемі кезек күтесің. Кеңесшіге барған күннің өзінде, маған неге келдіңіз, сіздікі жай ғана құжат алу ғой деп өзіңе бас салады. Мұндағы мемлекеттік қызметшілермен сөйлескен кезде олардың заңды білмейтінін аңғарасың.

Ал келесі бір қала тұрғыны Караванная және Украин көшелерінің қиылысындағы жер телімінің қалай берілгендігін анықтауға келген. Оның айтуынша, дүңгіршек дәл жаяу жүргіншілер жүретін жолда орналасқан. Сондықтан петропавлдықтар көліктер ағылып жүретін жолмен жүруге мәжбүр. Осы ретте кеңес мүшелері жер телімдерін беретін комиссияның жұмысын сынға алып, оның құрамына кәсіпкерлерді қосу керек деді. Тағы олар өз жиындарында аудио және бейнебақылау құрылғыларын пайдалануы қажет. Бүгіндері мұндай практика көп жерде қолданылып келеді екен. Ақсақ қой, түскен кейін маңырайды демекші, қалалық жер қатынастары бөліміндегілер болса, құрылғыларды енді алып, орнатайын деп жатқан көрінеді. Бұдан соң азаматтарға арналған үкімет мемлекеттік корпорациясының қызмет көрсету сапасы да сөз болды.

Магжан Ахмадина